Өлеңдер ✍️

  17.09.2022
  793


Автор: Ақылбек Манабаев

ӘУЕЗОВ АШҚАН АМЕРИКА АРНАУ

Ертістей ойы терең шалқып аққан,
Зерлі сөз зерделі ойды жарқыратқан.
Атанды аға Мұхтар,
Дана Мұхтар
Етеді мәңгіге оны халқы мақтан.
Есімі шырқап ғасыр асқарына,
Айналған даналықтың дастанына,
Жұлдыз боп Абайдан соң туды Мұхтар
Жарасып қазағымның асқарына.
Ақылшы,
Ақындардың ұлы ағасы,
Жазушы ̶ Ғалымдардың ғұламасы.
Өмірден өріс тапты ерен Мұхтар
Өнердің секілді алып мұнарасы.
Тамсанған талантына құрылықтар,
Кемеңгер келбетінде ірілік бар,
Елім деп, ет жүрегі елжіреген
Мәңгіге тірі Мұхтар,
Ұлы Мұхтар.
Еді ғой жаралған ол жан бір ерек,
Ұғылған әр сөзінен мәнді дерек.
Әлі де отырғандай ортамызда
Сан қилы сапарларын әңгімелеп...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу