Өлеңдер ✍️

  17.09.2022
  94


Автор: Ақылбек Манабаев

ӘДІЛБЕКТІҢ ЖАУАБЫ

«Егілме, дос, биік ұста ар атын,
Атанды таң, серпіледі қара түн.
Қас қағымда жетер едім көмекке,
Әттең, шіркін, болса ұшар қанатым.
Деме мәңгі жүдеп қайғы жеп өтем,
Туады күн,
Келеді ұлы мерекең.
Чиваралар күреспенен шыңдалған.
Нағыз үлгі аларлық ұл, ер екен.
Мақсатыңды сен де онымен тоғыстыр,
Игілігін көзде еліңнің, зор іс қыл.
Жауыздықпен жағаласу – жалынды
Азаттыққа апаратын соғыс бұл.
Сенбе, досым, құр елеске, сағымға,
Озбырларға құлдық ұрып, бағынба.
Адалдықты әлем халқы қолдайды,
Ізгі адамдар әділеттің жағында!»
Ақ қағазға ойы сөз боп құйылып,
Қанат қағар қас қырандай түйіліп,
Толғанумен отырды ұзақ Әділбек,
Алаулаған жас жүрегі жиі ұрып.


Жібергендей көкірегін кек қысып,
Күреңденді албырт өңін от құшып.
Жабырқаған Чили көгін жаңғыртып,
Көгершін боп жазған хаты
Кетті ұшып!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу