Өлеңдер ✍️

  12.09.2022
  299


Автор: Бижан Қалмағанбетов

ЖАСТАР

Сезімдері шынайы гүл атқанда,
Ұмтылатын келелі мұраттарға.
Мен жастарды теңеймін күліп аққан,
Жылғалардан тұп-тұнық бұлақтарға.
Аялдамай уайым, күдіктерге,
Сенім артқан үкілі үміттерге.
Мен ырзамын ибалы қыздарым мен,
Тепсе темір үзетін жігіттерге!
Сала да жоқ тіпті олар қалыс қалған,
Жаралғандай жігер мен намыстардан.
Шашасына шаң тимей оқ бойы озып,
Келеді олар сан бәйге, жарыстардан.
Еңбек етіп, табанын тілімдеген,
Бірақ, бірақ қиындық білінбеген.
Қызғалдақтай қатары келеді өсіп,
Сусындаған саналы білімменен.
Жіберсе де сынақпен тың іске айдап,
Еңсерілер жастармен жұмыс жайлап.
Қажымұқанның бүгінгі ізбасары –
Тау қопарар білекті, құрыш қайрат.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу