«Бүгін менің туған күнім, ой пәлі-ай!...» (Мұқағали Мақатаевтың туған күніне арналған әдеби-сазды кеш)
Жезқазған қаласы
Дарынды балаларға арналған
облыстық қазақ-түрік ерлер лицей-интернатында
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Бакирова Сандуғаш Шарафиденқызы
Бүгін менің туған күнім, ой пәлі - ай!...»
(М. Мақатаевтың туған күніне арналған әдеби - сазды кеш)
Мақсаты: ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өмірі, шығармашылығымен таныстыру, поэзияға деген қызығуды арттыру, өлеңдерін мәнерлеп оқуға дағдыландыру, өлеңдерінің тәрбиелік мәнін түсіндіру, қазақ халқына, тілге, Отанға сүйіспеншілік сезімдерін арттыру.
Көрнекілігі: ақын портреті, слайдтар, кітап көрмесі, ақын туралы жазылған пікірлері, плакатқа жазылған өлең жолдарынан үзінді, техникалық құрал жабдықтар - мультимедиялық поректор, аудио аппаратура.
1. Эпиграф
2. Мұқағали портреті
1 - жүргізуші. Қайырлы кеш, қадірлі ұстаздар мен қымбатты оқушылар!
Бүгін біз ақиық ақынымыз Мұқағали Мақатаевтың «Жырлайды жүрек» атты поэзия кешіне жиналып отырмыз.
Поэзия!
Менімен егіз бе едің?
Мен сені сезесің бе, неге іздедім,
Алауыртқан таңдардан сені іздедім,
Қарауытқан таңдардан сені іздедім,
Сені іздедім кездескен адамдардан,
Бұлақтардан, бақтардан, алаулардан,
Сені іздедім жоғалған замандардан.
2 - жүргізуші.
Қарасаз, қара шалғын өлеңде өстім,
Жыр жазсам, жұртым, елеңдестің.
Өлсе өлер, Мұқағали Мақатаев,
Өлтіре алмас, алайда өлеңді ешкім,- деп ақынның өзі айтқандай, оның өлеңі өмірден өзі кетсе де, өшпей ұрпақтан - ұрпаққа жалғасып келеді.
І - жүргізуші: Иә, Мұқағали – ғажайып, ақиық, сыршыл, гуманист ақын. Ол бізге көрінбейтін сиқыр бояулардан, бізге естілмейтін құпия дыбыстардан тоят алатын жұмбақ ақын. Ақын өлеңдерін оқыған сайын ақиқат бейнелі рух, сезім мен сананың бірлігі көңілге ұялайды. Хан тәңірдің биік шоқтығындай болған Мұқағали аға! Жатқан жеріңнен, туған топырағыңнан тұрып, бір сәт болса да орал, арамызда бол!
(Сахнада Мұқағали образындағы оқушы шығады).
(Мұқағали образындағы Құнанбай).
Мұқағали: Бүгін менің туған күнім,
Ой, пәлі - ай!
Мына адамдар неге жатыр тойламай?!
Банкет жасап бере едім өзім - ақ,
Тәңірдің бір жарытпай - ақ қойғаны - ай.
Мына дүние неге жатыр үндемей,
Алаулатып тойдың шоғын үрлемей.
Құшақ - құшақ гүл шоқтарын лақтырып,
«Мынау шапан,
Мынау атың, мін» демей.
Мынау жұртқа жақпады ма әлденем?!
Бекер өмір сүргенім бе әлде мен?
Халқым,
Сенің қасиетіңді білем деп,
Босқа өмірім өтті ме екен әуремен?!
Айтамын деп қуанышың, мұңыңды,
Басқа арнаға бұрдым ба әлде жырымды?!
Мен бәрібір өзіңменен бір болам,
Өзегіңнен тепсең дағы ұлыңды.
(Оқушы сахнадан кетеді).
ІІ - жүргізуші: Иә, Абылай, ақын мұңы бізге жетті. Оның тілегін орындау - біздің парызымыз. Ендеше бүгінгі кешті...
Екі жүргізуші бірге: Ашық деп жариялаймыз.
І - жүргізуші: Аламан бәйгеге оза шауып, өлең - жырда шашасына шаң жұқтырмаған ерен жүйрік, талантты тұлға Мұқағали ақынның өмір жолы әр алуан. Оны біріміз білсек, біріміз білмейміз.
ІІ - жүргізуші: Олай болса, қыран тағдырлы ақын, Мұқағали Мақатаевтың өмір жолына тоқталып өтуді жөн көрдік. (слайдтан суреттер көрсетіліп тұрады)
І - жүргізуші: Сонымен ақиық ақын Мұқағали Мақатаев 1931 жылы 9 - ақпанда Алматы облысы Нарынқол ауданындағы Қарасаз ауылында өмірге келіпті.
ІІ - жүргізуші: Ақынның балдай тәтті балалық шағы жаралы соғыс жылдарына дәл келген, өз тұстары сияқты болашақ ақын да ерте есейіп, арба айдап, соқа салып, тырма тартып, шөп шауып, масақ терді.
І - жүргізуші: Кейін бұл өртенде өскен өмірбаян өзекті өртер өжет өлең болып өріліп, өрісті өрнек тапты.
Бәрі есімде - мекен жай, тұрағым да,
Тек есте жоқ күлдім бе, жыладым ба?!
Балалық шақ жармасып жүретұғын
Өгіз шеккен соқаның құлағында - деп жырлаған балаң жырдың иесі, Мұқағали ағамыз орта мектепті бітірген соң, ауылдың хатшысы, қызыл отаудың меңгерушісі, комсомол қызметінде болып, 1949 жылы көктемде Лашын апамызбен өз отбасын құрды. Одан соң дүниеге
Алмагүл, Шолпан атты екі қызы, Жұлдыз, Айбар атты ұлдары келді. Ал Майгүл есімді қызы 10 жасында қайғылы қазаға ұшырап, Мұқағали ағамыздың қабырғасын қайыстырды.
ІІ - жүргізуші: Одан кейін, 1954 - 1962 жылдар аралығында қазақ радиосында диктор болып қызметін атқарды.
І - жүргізуші: Ал, 1962 - 1972 жылдар арасында «Социалистік Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде, «Мәдениет және тұрмыс», «Жұлдыз» журналдарында бөлім меңгерушісі болып еңбек етсе, 1972 - 1973 жылдары Қазақстан Жазушылар Одағында әдеби кеңесші болып жұмыс істеді.
ІІ - жүргізуші: Ақынның тұңғыш өлеңі 1948 жылы Нарынқол ауданында «Советтік шекара» газетінде жарық көрді.
І - жүргізуші: Иә, Мұқағали Мақатаев есімі көпшілікке «Аппосионата» поэмасы бойынша танылды. Оның шығармалары негізінен Отанға, елге, туған халқына деген сүйіспеншілігін, махаббаттын, өмірге деген құштарлығын жырлауға арналған.
ІІ - жүргізуші: Көптеген өлеңдеріне ән де шығарылды. Дантенің, Шекспирдың шығармаларын қазақ тіліне аударған ақиық ақынымыз - Мұқағали Мақатаев 1976 жылы 27 - наурызда өмірден өтті.
І - жүргізуші: Халық ақыны, қазақ жырының шоқ жұлдызы, сұлулық сарайының шебер тасқалаушысы тірі болғанда биыл ақпанның 9 - ында 78 жасқа толар еді.
ІІ - жүргізуші: Осы орайда ақынның «Менің анкетам» атты өлеңіне арналған көрініс айтылғандарды нақтылай түседі деп ойлаймыз.
Сахнадағы дастарқан басына Мұқағали мен сұрақ қоюшы отырады.
(Құнанбай9б мен Абай 8а)
Сұрақ қоюшы: Туған жерің?
Мұқағали: Ұланымын Қарасаз деп аталатын ауылдың.
Сұрақ қоюшы: Туған жылың?
Мұқағали: 1931. Құрдасымын Шәмілдің.
Сұрақ қоюшы: Жынысың кім?
Мұқағали: Еркекпін ғой, еркекпін!
Және тағы тәуірмін...
Сұрақ қоюшы: Партияда барсың ба?
Мұқағали: Жоқпын. Бірақ коммунистік көзқараспен қараймын.
Сұрақ қоюшы: Шыққан тегің?
Мұқағали: Шаруамын. Бар тірліктен бағалы оны санаймын.
Сұрақ қоюшы: Білімің ше?
Мұқағали: Орташа ғой. Алайда өзім жоғарыға балаймын.
Сұрақ қоюшы: Ана тілің?
Мұқағали: Қазақша. Қысылғанда орысша да, немісше де тағы да бар.
Сұрақ қоюшы: Қайда істедің? Мұқағали: Мынау «Еңбек кітапшамнан» тауып ал.
Оқымаған, дипломсыз демесең,
Бір басымнан бар мамандық табылар.
Сұрақ қоюшы: Міндеттісің бе әскерге?
Мұқағали: Міндеттімін.
Біздің әлі жас кеуде.
Жауынгердің ұлымын ғой,
Жанын қиған Мәскеуге.
Сұрақ қоюшы: Сөгіс алып көрдің бе?
Мұқағали: Ол жағынан періште едім дей алмаймын
Мен мүлде.
Ойлы - қырлы бұл өмірде болады ғой мүлт кету,
Ол өзі бір еншісі ғой ездің әрі ердің де...
Сұрақ қоюшы: Шетелдерде бодың ба?
Мұқағали: болғаным жоқ.
Олар маған тұрған да жоқ қол бұлғап.
Қалсам болды, өлсем болды жәйіммен,
Осы отырған орынымда - ақ.
Сұрақ қоюшы: Мекен - жайың?
Мұқағали: Мекен - жайым – жер менің,
Жерде жүрген ақын деген пендемін.
Қалам, қағаз, уақыт бер тек аздаған,
Мен өмірді жырлау үшін келгенмін.
Сахнадан шығып кетеді.
І - жүргізуші: Ақын жүрегі сезімтал ғой. Ол өз замандастар мен кейінгі ұрпағының өзін өлеңдерімен бірге есіне алып жүрерін алдын - ала сезді ме?...
ІІ - жүргізуші: Осы орайда, сазгер ағамыз Нұрғиса Тілендиевтің мына сөздері еске түседі.
«Мұқағали дүниеден өткен соң қатты күйзелдім. Жүрегім әлсіреп, екі ай емханада жаттым. Арада екі ай өткен соң, жұмысқа кеттім. Бешпентімнің қалтасынан хат шықты. Мұқағалидың жазуы: «Аға, мен ғой. Дертім қозып барады. Не боларын білмеймін. Мынаған назар аударып көріңіз», депті. Бұл «Есіңе мені алғайсың» әні еді».
І - жүргізуші:
Ақ қырау тұрған ақпанда,
Ағаштар сырға таққанда.
Бозарып тұрып ақ таңда,
Есіңе мені алғайсың.
Есіңе мені алғайсың - деп толғанады, ендеше кезекті осы әнге берейік. 7 «А» сыныбының оқушылары Батыржан мен Дарханның орындауында Мұқағали ағамыздың өлеңі «Есіңе мен алғайсың». Қабыл алыңыздар!
ІІ - жүргізуші: Туған жерге, елге, халқына, Отанына, ана тіліне деген махаббат сезімі ақын ретінде оның басты тақырыбы еді. Өзінің ұлтын, туған тілін ерекше құрметтеген ақын
Түзу - түзу жыртылған аңыздайын,
Аңызыма неге нәр тамызбайын
Қара өлеңі қазақтың қаза болса,
Қара көзден неге қан ағызбайын - дейді.
Кезек ақын өлеңдерінде.
1 - оқушы «Отан» Дастан 7б
Отан!
Отан!
Сен болмасаң, не етер ем?
Мәңгілікке бақытсыз боп өтер ем.
Өмірде бұл өксуменен кетер ем.
Құс ұясыз,
Жыртқыш інсіз болмайды.
Отансыз жан өмірінде оңбайды.
Өзін - өзі қорлайды да, сорлайды.
Тірі адамға - сол қайғы.
Күн көреді
Әкесіз де, анасы...
Білесің ба,
Отанның сен не екенін?
Екі өмір жоқ, әрине, жоқ екі өлім.
Екі Отан жоқ,
Жалғыз Отан - мекенің.
2 - оқушы: «Туған жерге» Ануар 7а
Таныс өлке,
Таныс аймақ,
Таныс маң.
Анау жерде - құрбылармен алысқам,
Анау жерде - құрбыжанмен танысқам.
Алба - жұлба ақша бұлттар жарысқан,
Таулар әне, ұйықтап кеткен данышпан.
Жолдар анау шұбатылып шаң ұшқан.
Таныс өлке, таныс аймақ, таныс маң...
Айналайын
Шабындықтар,
Егістіктер,
Тоғайлар.
Төбелердің төбесінде - көк айдар.
Ақ сағыммен араласып, аулаққа,
Сағым болып бара жатыр көп ойлар.
Бір тынбайды шегірткенің шырылы,
Жел қозғаған ақ шилердің сыбыры,
Бәрі тыныс - кісінеген құлыны
Ін ауызында шаңқылдаған суыры.
... Айналайын!
Атамекен, Ақ мекен!
Қандай қазақ іздеп сені тапты екен.
Туған өлке тәтті екен ғой,
Тәтті екен.
3 - оқушы: «Үш бақытым» Сәдуақас Абай 7б
Ең бірінші бақытым - халқым менің,
Соған берем ойымның алтын кенін.
Ол бар болса, мен бармын, қор болмаймын,
Қымбатырақ алтыннан нарқым менің.
Ал екінші бақытым - тілім менің,
Тас жүректі тілімен тілімдедім.
Кей - кейде дүниеден түңілсем де,
Қасиетті тілімнен түңілмедім.
Бақытым бар үшінші - Отан деген,
Құдай деген кім десе Отан дер ем!
Оты сөнген жалғанда жан барсың ба,
Ойланбай - ақ кел дағы от ал менен.
4 - оқушы: «Жездіге» Балмағанбетов Диас 7а
Жезқазған.
Жездінің бұл қатпарынан,
Еліме иен ырыс ақтарылған.
Осында жүр жастары, қарттары да,
Қанышынан үйреніп, хат таныған.
Хат таныған,
Басына бақ дарыған.
Жер асты - көгілдір тау, ғұлама жар,
Жер үсті - көк тіреген мұнаралар.
Көлбеп жатқан көк тасқа сына қағар,
Кеншілер - кереметтей ғұламалар.
Астыңнан да, үстіңнен бұлақ аққан,
Қопарылыс естілді мына жатқан.
Жар құлап жазатайым кетпесін деп,
Жанталасып кеншілер сына қаққан.
... Қанышынан кешегі хат таныған,
Хал қалай деп сұрасаң қарттарынан,
Білмейді екен екен басқаны шаттанудан,
Аулақ емес, әрине, мақтанудан.
І - жүргізуші
Мұқағали Мақатаев - адамдар арасындағы, өмірдегі, табиғаттағы жастық пен келісімнің жыршысы. Оның өлеңдері шын шабыттың, қиын күйзеліс пен шын қуаныштан, шын сағыныштан туған. Ақын ұлы сезімге бас иіп, өз өлеңдерінде махаббат тақырыбын кеңінен суреттеген.
ІІ - жүргізуші: Мұқағали ағамыздың «Дариға - жүрек» әні бозбала кезінде жүрегін жаулаған Дариға атты аруға арнап шығарылған екен.
І - жүргізуші: Ендеше достым, бұл әннің жазылу тарихын біреулер білсе, біреулер білмес. Қысқаша тоқталып өтсек қалай қарайсың?
ІІ - жүргізуші: Иә, жас, балаң Мұқағалидың жүрегін жаулаған Дариға әнді асқан шеберлікпен, жүрекке жеткізіп орындаған болса керек.
І - жүргізуші: Әсем дауысымен жүрегінен орын алған Дариғаға арнап шығарған Мұқағалидың жыр - дастаны да бар деседі.
ІІ - жүргізуші: Дариға Мұқағалиды шын көңілмен ұната тұра, ауыл адамдарының өсек - аяңынан сескеніп, өз махаббатына тыйым салды.
І - жүргізуші: Сонымен сіздердің енді тамашалайтындарыныз «Махаббат диалогы»
ІІ - жүргізуші: Саханада Мұқағали мен Дариға. Қарсы алыңыздар.
(Әлішер мен Ержан 11б)
Дариға: Құс боп ұшып жоғалсам, не етер едің?
Мұқағали: Сені іздеумен мәңгілік өтер едім.
Дариға: Отқа түсіп, өртенсем, не етер едің?
Мұқағали: Күл боп бірге соңыңнан кетер едім.
Дариға: Бұлдырасам, сағымдай не етер едің?
Мұқағали: Жел боп қуып ақыры жетер едім.
Дариға: Қайға әкелсем, басыңа не етер едің?
Мұқағали: Қойшы, сәулем, бәрін де көтеремін.
Дариға мен Мұқағали шығып кетеді.
І - жүргізуші: Өкінішке орай, қос ғашықтың махаббаттары ұзаққа бармай, қайлығы аяқталды. Сұлу да ғашық Дариға қайғылы қазаға ұшырап, өмірден өтті. Бірақ Дариғаның есімі Мұқағалидың жүрегінде мәңгілік сақталды.
ІІ - жүргізуші. Ақынның артында, санаулы ғұмырында жанының шырылына айналған поэзиясы қалды. Жыл құсындай сағына күтетін қарлығаш қанат өлеңі қалды.
І - жүргізуші: Ендеше кезекті Мұқағали ағамыздың бір әдемі әніне берсек. Сахнада 10 «А» сынып оқушысы Садықов Әділбектің орындауында «Үлпілдеген...» өлеңі. Қабыл алыңыздар.
Үлпілдеген, үрбиген үкім менің,
Жыл құстарын сағынып, күтудемін.
Көз алмай шұбатылған құс жолынан,
Бүкіл елім күтуде бүкіл жерім.
Қырларым да күтуде, дөңдерім де,
Сағынады бізбенен көл де бірге,
Үкім менің, қарашы жыл құстары,
Келеді екен қайсы ендік белдеуінде.
Қараторғай, қарлығаш, тырналарым,
Қашан бізге әкелер жыл хабарын.
Қашан қонар зергерлер - аққу, қаздар?
Әшекелеп көлдерін, жылғаларын.
ІІ - жүргізуші: Ақын шығармаларының үлкен бір саласы - оның поэмалары. Ең асылы, ең биігі -«Аққулар ұйықтағанда». Бұл поэма 1973 жылы «Жалын» жинағына жарияланды. Енді поэмаға кезек берейік.
«Аққулар ұйықтағанда» поэмасынан үзінді.
Автор: (Абылай) Өзен де жоқ сыймаған арнасына,
Жылға да жоқ даламен жалғасуға.
Таста тұнған жаңбырдың тамшысындай,
Қалай біткен мынау көл тау басына?
Мөлдірейді, қарайды қарға шыңға,
Жалғыздықтан жамандық бар ма сірә?
Қанша ғасыр өтті екен, қанша заман?
Қанша ұрпақ кетті екен, қаншама адам?
Қанша шырша өсті екен, құлады екен?
Жетімкөлге қараудан шаршамаған.
Ортаймаған Жетімкөл толмағанда,
Болған өмір ұқсайды болмағанға,
Сызат та жоқ бетінде, сызық та жоқ.
Айдынына аққуы қонбаған ба?!
(Аққу күйі ойнайды. Сахнада төсекте бала, жанында анасы отырады.)
Автор: Бала жатыр төсекте албыраған,
Әке жатыр еденде қалжыраған.
Таң күзетіп ана отыр қос жанары
Шарасыздан шаршаған, қалжыраған.
Анасы: (Тілеужан 9а) Мана күндіз тәуіп шал не деп кетті?
Әлде өтірік, әлде шын демеп кетті.
«Аққуменен баланы аластаңадар»
Деді дағы жайымен жөнеп кетті.
Тұрсаңшы таяу қалды таң атуға.
Не еткен жансың санасыз жаратылған?
Манағы тәуіп шалдың айтқан сөзі
Ұмытылып кетті мен санатыңнан?
Әкесі:(Абай 8б) Апыр - ай қалай барам, қалай барам?
Атармын аққу құсты қалай ғана?
Айдынның аққулары ұйықтағанда
Өрген мал, өскен шырша абайлаған.
Барлығы қасиетке қарайлаған,
Оқ атам қасиетке қалай ғана?
Бармаймын, бара алмаймын, қалай барам?
Анасы: Жалғыз ұлдан артық па жалған бәрі?
Балам өлсе бақыттың керегі не?
Топан су басып кетсін қалғандарын.
Перзент сұрап, несіне армандадың?
Құрысын, онсыз сенің жанған бағың!
Мылтықты әкел, атты ертте! Жалған бәрі.
Аққулар ұйықтағанда көл беті тыныш. Ана сахнаның бір шетінде отырады.
Автор: Қысқа таң.
Бұлбұл үні.
Көл бетінде.
Аққулар ұйықтап жатыр тербетіле,
Бас бұғып, жағада отыр жалғыз ана.
Таңданып, тәккәпар құс келбетіне.
Аққулар...
Аққу мойын, сүмбе қанат
Алаңсыз тарануда күнге қарап.
Айдынның еркелері, білмей тұрмын
Етермін тағдырыңды кімге аманат?!
Осы кезде мылтық атылады, көлдің беті шу, алыстан жылқышы шал келеді.
Жылқышы шал: (Қондыбай 8б)
Апырайай, бұл кім болды таңсәріде?!
Көргенсіз көл басында мылтық атқан?!
Құстардың зәре - құтын шырқыратқан,
Неғылған қаныпезер құлқы қатқан.
- Ей!
- Кімсің?
- Тірісің бе?
- Жаның бар ма?
Аққуды неге атасың, арың бар ма?
Тастағын қаруыңды, келгін бері,
Келгін бері, кеудеңде жаның барда!
Ана жылқышы шалдың қасына келіп жылап, баяндайды.
Жылқышы шал: Әй, балам!...
Болмады ғой, болмады ғой...
Қасиет кетті көлден сорлады ғой.
Тәуіптің айтқанының бәрі өтірік,
Атқа мін, ауылға қайт, олжаны қой!
Ана үйіне келе жатқанда үйінің жанынан көп кісілерді көреді.
Автор: Абыр - сабыр үй маңы, дүрбеленді,
Алғаш ана абыржып білмегенді.
Ат үстінен түсе алмай қатып қалды,
Білмейді қайда келді, кімге келді.
Ана жынданып кетті.
Анасы: Жоқ!...
Мен емес....
Мен атпадым.
Кешіре гөр, кешіре гөр жаратқаным?!
Қазір, ботам...
Мінекей, таң атады...
Қазір. ботам, аққумен ұшықтаймын...
Жащыласың, құлыным, балапаным!
Сахнада ешкім қалмайды.
Автор: Аққулар...
Аңыз көп қой олар жайлы,
Көзіңмен көргеніңдей бола алмайды...
Тек қана тыныштықта ұйықтайды олар,
Шошыса екінші рет оралмайды.
Орынында екен Жетім көл жоғалмапты,
Ортаймапты немесе тола алмапты.
Жағалауын жауыпты жасыл жалбыз.
Қасиетті аққулар оралмапты.
І - жүргізуші: Ақындықпен айналысқан 30 жыл ішінде ол көзімен көргендерін, ақындық санамен түйсінгендерін қазақтың қара өлең үлгісімен төгілтіп жырлай берді, жырлай берді.
Ақын жүрегі нәзік, сезімтал. Кей - кейде өмірден безініп, ол өзіне сүйеніш, тірек болар адамды іздейді. Кез келген адам ақын жанын түсіне бермейді. Қиналғанда нағыз ақын өзінің тілін ұғатын ақын іздейді. Сондай уақытта Мұқағали Фаризаны тапты.
ІІ - жүргізуші: Ендеше, ақын ағамыздың қазақтың ақын қызы - Фаризаға арнап шығарған өлеңі бар екен. Кезекті соған береміз.
Ән: «Фаризаға». Орындайтын 10а сынып оқушысы Садықов Әділбек.
Ән: «Сарыжайлау» Орындайтындар 7а сынып оқушысы Дархан мен Батыржан.
І - жүргізуші: Мұқағали поэзиясына бас имейтін адам жоқ. Жер - жерде еңбектеген сәбиден еңкейген қартқа дейін ұлы аруаққа мың - мың мәрте тағзым етуде.
ІІ - жүргізуші: Жүректен қозғайын,
Әдептен озбайын.
Өзі де білмей ме,
Көп сөйлеп созбайын.- деп ұлы Абай атамыз айтқандай, осымен жыр музасы Мұқағали Мақатаев туралы сазды кешіміз аяқталды, назар салып тыңдаған ұстаздар мен осы кешімізді өткізуге атсалысқан оқушыларға мың да бір алғыс айтамыз, сау болыңыздар.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇
Пайдалы сілтемелер:
» Туған күнге 99 тілектер жинағы: өз сөзімен, қысқаша, қарапайым туған күнге тілек
» Абай Құнанбаев барлық өлеңдер жинағын жүктеу, оқу
» Дастархан батасы: дастарханға бата беру, ас қайыру