Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  128


Автор: Исраил Сапарбай

Ет-жүрегiм елжiреп «ел, ел...» деймiн...

Ет-жүрегiм елжiреп «ел, ел...» деймiн,
Көз моншағын кiрпiкке көгендеймiн...
Ертегiсiн, аңызын есте сақтап,
Ертеңi үшiн сол елдiң не көрмеймiн?!
Аруағын шақырса алып аймақ,
Амандығын тiлеймiн «ә, құдайлап!»
Бұлағындай бүлкiлдеп қан тамырым,
Хантәңiрiм тұрады «Абылайлап!»
Бабамда айбат,
Болмаса баламда айбар,
Даңқым асып,
Қалайша далам жайнар?!
Сол даланың сойылын соғып өткен
Қанжығалы Бөгенбай, Қабанбайлар...
Елдiң көзi елеңдеп батыр ұлға,
Әлi күнге аруағын шақыруда!
Тар жол тайғақ кешуде кешегi өткен
Кiм кетпедi тағдырдың тақымында?..
Кiм аумады аулаққа Тұранынан,
Атамекен – алыстап тұрағынан?
«Елiм-айлап» егiлген елдiң үнi
Әлi күнге кетпейдi құлағымнан...
Жау торығыш келедi жерi байды:
Төрi ұнайды,
Бiреуге көлi ұнайды...
Есен болса ел мен жер,
Айтпас па едiк
«Елiм-айдың» орнына «Елiгайды»?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу