Өлеңдер ✍️
ҚАМЫҒУ
Көктем көшiп,
Өңiрге күз енедi.
Күз өңiнен көңiлiм мұз емедi.
Күнә,
Нала,
Жаладан жапа шеккен
Мына заман қай күнi түзеледi?
Еш болғанын көрем де еңбегiмнiң
Пейiлiнен түңiлем пенде-өмiрдiң.
Жалтыраған жасы бар жапырақта
Қалтыраған аязда мен де – гүлмiн...
Суық ұрса,
Кетпей ме шетiнеп гүл?..
Қайда бүгiн қызылы екi беттiң?
Өзенiмде – көз жасы жесiрлердiң,
Өзегiмде – өксiгi жетiмектiң.
Кiмге жақын дүние,
Кiмге мақұл?
Таусылатын талқаным күн де жақын...
Қалай мүлгiп-қалғысын қамсыз-мұңсыз
Не боларын ертеңнiң бiлген Ақын?!
Не болмағын сезем де ертең күнiм,
Ел еншiсiн,
Даулаймын ер теңдiгiн:
Хауа ананың оралып етегiне,
Замананың «гөй-гөйiн» шертем бүгiн!
...Көшкен көктем,
Бiржола безбе менен.
Желқайықпен,
Ерте орал жезкемемен.
Өмiрiмнiң өзегi – Өлең барда
Өз көңілiмдi аулаймын өзге немен?
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter