Өлеңдер ✍️

  10.09.2022
  148


Автор: Кәрім Жұмағалиев

Туыстарым

Өз жұртым – Аға, іні - туыстарым!
Жеті атадан қаным бір, ұғысқаным,
Жақын жүрсең көре алмай, іштен күйіп,
Кейбіреуің неліктен сиыспадың?
Нағашы жұрт, жиендер – туыстарым!
Екі атадан тең болып құйыс қаным.
Баурыма тартсам да, кейбіреуің,
Жақындауға неліктен тырыспадың?
Қайын жұрт- Құдай қосқан – туыстарым!
Алыс жүрсем сағынып ұрыспадың,
Ұл үйленіп, қыздарды ұзатқанда,
Тойыма кеп, есімде сырласқаның.
Құда жек-жат, ағайын – туыстарым!
Ұнатамын солардың сыйласқанын.
Әлде менде кемшілік бар ма екен?
Кейбіреуің қашықтап жұғыспадың.
Туыс болып сыртымнан өсектейсің,
Кездескенде, білмейді деп «көрсетпейсің».
Сол өсекті бетіңе басқан кезде,
Несіне мүләйімсіп өкпелейсің?
Осы айтқанды сеземін қабағыңнан,
«Қырсық қабақ» жүректі жара қылған,
Өкпем де жоқ, туыстар, Сендерге арнап
Көңілден шабыт шалқып өлең туған.
Сағынамын бәріңді сағынамын,
Жалғыздықтан кей кезде жалығамын.
Ерте кеттім ортаңнан, тағдыр солай,
Сыйласаңдар ортаңнан табыламын.
Мен білемін тіршілік өмір заңын,
Мен білемін қимайтын туыс барын.
Бас ауырып, балтырым сыздағанда,
Жаны ашитын тек қана - туыстарым!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу