Өлеңдер ✍️

  09.09.2022
  163


Автор: Төлеген Рахымжанұлы

Баламер ағамен сырласу

Баламер аға, дәстүрді
Ұмыта қойған жоқ едік.
Күшіктей баулып қасқырдың
Жетілттік жүнін әредік.
Бауырдан жарап сол шірік,
Күйелеп сені сөз қылып,
Табам деп қайтсем кемшілік,
Күндестік дертін қоздырып,
Есіріп елге сөз бермей,
Бопсалап тұрды қақсанып.
Дәйексіз ойын сезгендей,
Кетсем деп түбі дақ салып.
Өтірік өрге тербеліп,
Тағылған жала – мол екпін,
Біреулер шықты жел беріп,
Тығынын атып көнектің.
Тамшыдан жиған кесесін,
Таусылып ішкен дәлдүріш
Тағдырға кеткен есесін
Таланттан көру – дағдылы іс.
Тіріде жүрген кегалын
Өзіңнен алмақ ойы бар.
Адалдық болса шамалы,
Әділдік баға қойылар.
Атыңды ардақ ар тұтып,
Артыңды күтсем деп едім.
Арғымақ жағдай тарпытып,
Алдаспан жанға теңедім.
Айту да қиын, тым ауыр,
Алланың сол ма жазғаны?!
Дау болып атың, бір ауыл
Өртеніп кете жаздады.
Өртенген үйде жоқ кінә...
Нақақтан күйді түп-түгел.
Аруаққа тиіп соқтыға,
Өсекке болды тұтқын ел.
Жазықты соған, алдымен,
Надандық дейтін қасірет.
Бойыңда, аға, бар білем
Маядан қалған қасиет!!!
Баламер аға, кешір Сен,
Білместік еткен буынға.
Шынымды айтып шешілсем:
Заманның өзі құбылма.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу