Өлеңдер ✍️

  09.09.2022
  502


Автор: Төлеген Рахымжанұлы

Қайран жастық

1
Қайран жастық, жанымды тамылжытып,
Жүруші едім от шайнап, жалын жұтып.
Аяз қарып өтсе де сезбеуші едім,
Ажыратпай аралық безбен шегін,
Қатал уақыт қойғандай абыржытып.
Қайран жастық, жүректі тебірентіп,
Жан-жүйені босатып емірентіп.
Қайсарлығын көрсетпей жасқап беттің,
Қай қырқаға қаңғыртып тастап кеттің,
Шаршатты ма қосылып небір ентік?!
Қайран жастық, көңілді құйқылжытып,
Дуагердей ойнайсың сиқыр жұтып.
Енді еңсемді тік тұрған бүгілтесің,
Той-думанға жолатпай түңілтесің,
Күлкім көмір болды ма, ұйқым – жітік?!
Қайран жастық, сезімді аяп көріп,
Қосылды ма жігітке саяқ болып?!
Екеуара бақытқа жеттіңдер ме,
Адастырып орта жол кеттіңдер ме,
Тоят алып жатыр ма саят қонып?!
Қайран жастық, жанымды тамылжытып,
Жүрдік пе, рас, от шайнап, жалын жұтып?!
Аяз қарып өтсе де сезбеуші едім,
Ажыратпай аралық безбен шегін,
Енді уақыт барады абыржытып. 2
Қайран жастық, махаббат – ұлы кезең,
Бұрқ-сарқ етіп таситын күліп өзен.
Соның бәрін ойлайсың, зерделейсің,
Сағыныштың болғандай гүліне жем.
Қайран жастық, махаббат – үлкен асу;
Жайраңдасып танысу, гүл қадасу.
Баққа кіріп масайрап серуендеу,
Сыңғыр-сыңғыр көміліп күлкі адасу.
Қайран жастық, бір сөзге өкпелесу,
Көлденең сөз тілге еріп, көпке ілесу.
Сағыныш пен жаңылыс қатар түсіп,
Есеп ашып ойыңда жоқ кеңесу.
Қайран жастық, қалжыңдап, әзілдесу,
Тыныс алмай тылсымның сазын кешу.
Көрмей жатып ғашық боп, неке қиып,
Маңдайдағы мәңгілік жазу десу.
Мәселенің төркіні – құлап, беку,
Махаббатты мәңгілік тұрақты ету
...Арманыңа жетпесең, бұл өмірден
Қозы Көрпеш – Баяндай бір-ақ кету.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу