Өлеңдер ✍️

  09.09.2022
  110


Автор: Төлеген Рахымжанұлы

Білесің бе?

Білесің бе? Көргеннен сені ұнаттым,
(Жүр есімде қызуы, желігі аттың)
Байыбына бара алмай сезімімнің
Тауға шығып сол күні елік аттым.
Атпау керек екенін ойға алмадым,
Кешеуілдеп осылай ойлы арманым.
Шалыс басқан кезімді кейін білдім:
Мылтық жүрсе, ол жерде ойран барын.
Сүйіп сені мәңгілік қалсам керек,
Бал татыды сол әуре-сарсаң кенет.
Болмайды ғой қиналып, қажу деген,
Жастық шақта ширығып, шаршау бөлек.
Көңіл... сосын өзіңе... пейіл кетті,
Жүрек сөзі кешігіп кейін жетті.
Шыр айналдым мен жынды көбелектей,
Әлі күнге сол сезім сейілмепті.
Есіңде ме? Сол күні сыр ашқаным,
Тұрды бөлек жарқырап нұр-аспаным.
Мәңгілікке есімде сақталардай...
Сезім... төзім... өзіңмен ұласқан үн.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу