Өлеңдер ✍️

  09.09.2022
  93


Автор: Төлеген Рахымжанұлы

Қоштасу

Ұстазым Сейтқамза аға Ластайұлына
Жан ағам едің мен үшін неге шыдайтын,
Садағам едің тәңірден тілеп сұрайтын,
Ақылшым едің, кеңесің ылғи ұнайтын,
Мақұлшым едің, мақұлдап тағы сынайтын.
Ойларың анық, пікірің болды тым айқын,
Күтпегенім едің өмірден кету бұлай тым.
Ықыласым менің өзіңе ғана құлайтын,
Мезгілдің өстіп жеткені ме өксіп жылайтын?!
Асқарым едің қалқан боп мені қорғаған,
Аспаным едің шуағын ғана жолдаған.
Дастаным едің оқылып әлі болмаған,
Бәрінен бұрын бататыны жанға сол маған.
Артыңда түгел айтылмай қалды сорлап ән,
Өзіңнің ғана көкірегіңді толғаған.
Шыбының ұшып қай-қайда барып қонбаған,
Мәселе сол ғой, түсінді ме екен зор ғалам?!
Кенеттен қалай килігіп кетті бұл ажал,
Тепсінді кімге ширығып кекті нұр ажар?!
Жесір боп қара бүркеніп қалды бұла жар,
Сай-сүйегіңді сырқыратады мына зар,
Шыбын жан бойдан ұшып-ақ кетпей жүр азар,
Төбе құйқаңды шымырлатады мына зар.
Айтқаныңа көнбес ажал дегенің де тілазар,
Мәңгілік жалғыз сыңар боп қалды нұр-ажар!
Топырақ жауып, балшыққа тәнің жаншылып,
Жатырсың жалғыз төмпешік болып таусылып,
Әйтеуір өстіп кететіні бар жан шығып,
Жаратылыстың заңы жететін болар – баршылық,
Адамды бүйтіп жаратпасайшы әнші қып,
Желкілдемейді ғой бекерден-бекер тал-шыбық,
Бейкүнә пенде бейсауат сөзден аршылып,
Сарқылған күндер салтаң жаңбырға малшынып.
Жүдетіп барып өтеді-ау мезгіл дәл өстіп,
Өмірден мынау мейірімді-қатал ән естіп,
Тағдырға дегбір болмайды дейді бар есті,
Әйтпесе менің тақуалығымның өзі – әбестік.
Қойған соң тағдыр өмірге құштар, әуес қып,
Әйтпесе сөздің мағынасы – тозғын, мәні – ескі;
Дәстүрің мықты: жалғасты сенен әуестік,
Дәл осы жолда шәкіртке біткен бар ес-құт.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу