Өлеңдер ✍️
ҚҰЛАГЕР
Құлагер – әкең тұлпар, шешең – сұңқар,
Соғып ең дөненіңде сегіз арқар.
Сен өлсең, орның басар кербесті бар,
Болады Құдай қосса о да тұлпар.
Ор болып қалушы еді шапқан жерің,
Сүйсініп тұрушы еді қосқан ерің.
Атығай, қарауылға олжа салған,
Бота тірсек, қыз сағақ сандал керім.
Шынымен өлгенің бе құлагерім,
Салбырап саптаяқтай төменгі ернің.
Баспа бас қызға бермес жануарым,
Басылмас бір сөйлемей менің шерім.
Құлпырған күлте жібек құйрығың-ай,
Сымпиып топтан озған жүйрігім-ай.
Түбіне Ерейменнің айдап келіп,
Құданың қарай қойшы бұйрығын-ай.
Мал бітер бас есеңге деген сөз бар,
Өзімнің тауба қылдым тірлігіме-ай.
Түбінде қарақшының тұрдым тосып,
Бәйгеңді алушы едім талай қосып.
Алдыңғы ат баран емес қылаң дейді,
Сол жерде тұра алмадым денем шошып.
Жел соқса қамыс басы майда деймін,
Ат қостым ат айдаушы айда деймін.
Алдыңғы ат баран болмай қылаң болды,
Жығылмаса құлакер қайда деймін.
Жануар жаз жайладым, күз жайладым,
Сыртында қызды ауылдың көп байладым.
Құлагер мерт болды деп естігенде,
Жұлдым да сақалымды ойбайладым.
Міндімде бос шұбарға тура шаптым,
Ағашын Ерейменнің қоймай қақтым.
Намазшам, намаздігер арасында,
Баланы жылап жатқан зорға таптым.
Қорамсаұлы Ақан серіден
20.01.1937 ж.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇