Өлеңдер ✍️

  03.09.2022
  186


Автор: Қайрат Құлмұхаммед

ТҮЙЕЛЕРІМ – СҮЙЕНЕРІМ

О, менің түйелерім – сүйенерім,
Мұң жатыр-ау, тұңғиық көздеріңде.
Сен ежелден қажырлы, киелі едің,
Кім білсін сездім бе, әлде сезбедім бе?!
Ие болдың өлшеусіз ұлы күшке,
Өркешіңе баламды құндақтадым.
Сен олақтау болғанмен жүгіріске,
Тоғанақтың көтердің зіл батпанын.
Долы боран, нөсерлі сел бола ма?
Төзген шағың көп еді бұған сенің.
Керуен ел көшкенде кер далада,
Аштыққа да, шөлге де шыдаушы едің.
Едел-жедел бір үйдің тентектерін,
Кебежелеп түйеге артатұғын.
Әз әкелер айтысып ертектерін,
Көк жайлаудың төріне тартатұғын.
Түйелерім, бабамның ырысы боп,
Дәу денеңді оққа да жаралаттың.
Міне, осылай ешқашан тынышы жоқ,
Бір ғұмырды көтеріп бара жаттың.....
Кеш болса да түсіндім сырларыңды,
Иеленді айламен жолыңды кім?
Басыңа шығып тышқан жылға кірді,
Бұл да сенің түйелер, момындығың!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу