Өлеңдер ✍️

  03.09.2022
  103


Автор: Бауыржан Бабажанұлы

ҒАШЫҚ

Артық туған батыр сынды бір елден,
Көңлім тартып жүргенменен кернейді.
Сенің мендік емесіңді білем мен,
Бірақ оны мойындағым келмейді.
Сенсіз, сірә, атпайтындай таң маған,
Мұндай түрі болады екен азаптың.
Қолы жетпей қалған қызды қарғаған,
Науайыдай өзбек емес, қазақпын.
Жұрт алдында айрылып бар сенімнен,
Қадірсіз жан атанайын ең мейлі.
Атқа өңгеріп алып кетер едім мен
Әттең, оған заманымыз келмейді.
Онсыз да жұрт демес мені ер есті,
Басы қалып жүрер ылғи пәлеге.
Қособадан күтіп алар Төлешті
Бекежандай болғым келмес және де.
Жасыра алман, ондай ой да бар-ау шын,
Бірақ сенің құптамасың белгілі.
Күнге қарай жол шеккен біз жолаушы,
Бар ғұмырын соған арнар ендігі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу