Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  105


Автор: Ұлықбек Есдәулет

ТәТТI МЕН АЩЫ

Бiз тәттiмен қоштасқалы қай заман?
Айналшықтап ащы iздеймiз жаймадан.
Бала күнгi бал-бұл жанған жүзiмiз,
Ендi бiзге кездеспейдi айнадан.
Барлығы да тәттi едi ғой ол кезде,
Тәттi-тәттi жас толатын қой көзге.
Тәттi-тәттi мұң келетiн көңiлге,
Бүгiн, мiне, қайғы да өзге, ой да өзге.
Сүйсек бiздер сүюшi едiк өртенiп,
Ал жек көрсек –
Жек көрушi ек жеркенiп.
Сол бiр дәурен тәттi едi ғой, дариға-ай,
Пәк едiк қой болсақ тағы боркемiк.
Тәттi екен ғой алғаш алған демiмiз,
Тәттi екен ғой ашуымыз, кегiмiз.
Айрылғанда қазынадан қыруар,
Тарлан тартып, таптық сонда ненi бiз?
Сан сынаққа салды бiздi жiгiттiк,
Тартыстық та,
Талқы көрiп,
Шынықтық.
Тасқындарды тазартуға талпынған
Қайда қалды қайталанбас тұнықтық?
Толқындары жуасыған сол арна,
Қайта-қайта қарғын құйса – толар ма?
Адамзаттың бәрiн сүйiп шықсаң да,
Тұңғыш рет сүйiскендей болар ма?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу