Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  119


Автор: Мақпал Жұмабай

Армысың!

Бақыт — бітпейтін жолдарда шығар,
Қорқуды білмейтін қолдарда шығар.
Сенде де, ешбір селт етпейтін әлем,
Бұдан жақсы өмір болған да шығар.
Көктегі Ай мен Күн аман-есен.
Көңілге сол бір көктемдер көсем.
Келісер ме едің, қараша күздер,
Мұңаймайтындар болмайды десем?
Қадірлілерін қорғамайтындар,
Намыс найзасын қайрамайтындар,
Мұңсыз адамдар — бүгіні менен
Ертеңін мүлдем ойламайтындар.
Өмір-өзеннің білетін тезін,
Күңкіл-шүңкілге күлетін кезім.
Армысың,
Айдан,
Күннен,
Адамнан
Жақсылық қана күтетін сезім!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу