Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  89


Автор: Мақпал Жұмабай

Құстарды ешкім күтпейді

Отаны оған бағалы
Орманы оған бағалы.
Құс адамнан ақылды,
Құс адамнан саналы.
Жүрегі оның жаралы,
Жүрегі оның қаралы.
Туған жері де, өйткені.
Жерініп теріс қарады.
Ашылып кетті араны,
Құсқа да жала жабады.
Адамдар ғана осындай,
Опасыз бола алады.
Қоштасып айдын сауықпен ,
Құстарға неге жауықты ел?
Ендіктер мен бойлықтар,
Қарайды көкке қауіппен.
“Әлемге қетер төнді ме?
Құс адамзатты жеңді ме?” -
Теледидар мен тораптар,
Айтатын басты әңгіме.
Сылдыр да сылдыр тиындар
Санады өңкей жиындар.
Дөңгелек үстел өткізді
Халықаралық ұйымдар.
Базары құстың тарқады,
Базары құстың тарқады.
Құдайдан қорықпайтындар
Құстардан бүгін қорқады!
Жетпеді атом бомбасы,
Қаруға толы қоймасы.
Дүние сені жұтудың,
Табылды жаңа айласы.
Жау жүр ме, Ұлы қоныста,
Құстар-ау, құстар болыспа.
Килікті әлем сендермен,
Бактериологиялық соғысқа.
Ауруды қолдан жасаған,
Дей алман сені – Есалаң.
Көз жас үшін құстардың
Ей, Заман, сенен өш алам!
Жатсынды құсты жерұйық.
Жатсынды құсты жерұйық.
Әлемнің барлық елінде
Құстардың криматориі.
Самғайды құстар, самғайды,
Жат жерге мүлде қонбайды.
Туған жерінде оларды,
Енді ешкім қарсы алмайды.
Тауларда ғана қыс қалды,
Тауларда ғана қыс қалды.
Көктемді бәрі күткенмен,
Күтпейді ешкім құстарды!
...Бүршігін жарды мұңды өлең,
Бүршігін жарды мұңды өлең.
Көк көйлек киген көктеммін,
Құстарсыз қалай күн көрем?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу