Өлеңдер ✍️

  18.08.2022
  483


Автор: Нұрлан Қалқа

Қырыққа да кеп қалдың ба, құрдасым...

Қырыққа да кеп қалдың ба, құрдасым,
Құрдассың ғой, кем болғанмен бір жасым.
Замандаспыз, курстаспыз, Ғабеке,
Жалған айтпан, десем сені сырласым.
Қырыққа да кеп қалдың ба, бауырым,
Білер сені оқырманың, қауымың.
Отызыңда орда бұздың, қаламмен,
Сыйлықтың да алдың жастай тəуірін.
Қырыққа да кеп қалдың ба, курстас,
Орның бөлек жүргендерден иықтас.
Еңбегің мен ақылыңды серік қып,
Жүресің ғой айналаңа жиып жас.
Қырыққа да кеп қалдың ба, шынымен,
Мəн бермеуші ем соншалықты бұрын мен.
Білсең, қырық – көгал тұнған қырқа ғой,
Баурап алар бөлекше бір қырымен.
Қырыққа да кеп қалдың ба, құрдасым,
Арман-арбаң орта жолда тұрмасын.
Алда талай асулар бар асатын,
Көшті түзеп, аттың соған бұр басын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу