Өлеңдер ✍️

  15.08.2022
  118


Автор: Сәуле Досжанова

Орта жолда, қалжыраған кезіңде....

Орта жолда,
қалжыраған кезіңде,
Кездестім бе, сынақ болып төзімге?
Мені көріп қуанғандай болғанмен,
Тарқамайтын мұң тұр еді көзіңде.
Неге жаның қуанышқа зар еді,
Кең дүние көңіліңе тар еді.
Сүйе тұрып, соны мойындатпайтын,
Көңіліңде бір қорқыныш бар еді.
Өміріңнің қатты бұрап тиегін,
Бабы келіп тартылмаған күй едің.
Сағынышты ақтара алмай тұрасың,
Балбырап бір кеткенде де сүйегің.
Осыншама бақытсыздық себебін,
Сұрамадым, «сыйлады, – деп, неге? Кім?»
Сол мұңыңды жұлып алып кетсін деп,
Бар болғаны мол мейірім төгемін.
Мына өмірде сабындай-ақ қамшының,
Ширатылып кеткен жүйке талшығың.
Кеш те болса бақыт дәмін сезсін деп,
Тарқатуға мұңыңды мен аршыдым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу