Өлеңдер ✍️

  15.08.2022
  118


Автор: Сәуле Досжанова

Жастығымды еске салған көктем бұл...

Жастығымды еске салған көктем бұл,
Санамызға шуақтарын төккен нұр.
Сарыарқадан ақ самал боп жеттім мен,
Пәк сезімдей шарпып сені өткен бір.
Асылың ем,
ардақ тұтқан жаны ізгі,
Ғұмыр кештім өтеймін деп парызды.
Қаншама рет жыр теңізге баттым мен,
Тереңінен меруерт терген тәрізді.
Жыр теңізге қаншама рет баттым мен,
Сыр жасырып жұлдыз аққан ақ түннен.
Иір-қиыр жолдарында өмірдің,
Бұл сезімді қалай қайта таптым мен.
Жылдар жылжып өтіп еді ақырын,
Арамызды бөліп сансыз шақырым.
Жерортада жүрегіңді ап кеп тұрсың,
Жастығыңда жетпеп еді батылың.
Мені көріп жаныңды жыр толқытты,
Мені көріп шабытыңды шалқытты.
Асығыстау жан-сырыңды ақтардың,
Кейбір сырың мені қатты қорқытты.
Айырылып қалатындай тағы да,
Оралғандай сонау жігіт шағыңа
Шақырғанда қимастықпен қарап тек,
Жылап тұрдым, ене алмайтын бағыма...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу