Өлеңдер ✍️

  15.08.2022
  163


Автор: Сәуле Досжанова

Сені көрсем қаламын құрақ ұшып...

Сені көрсем қаламын құрақ ұшып,
Жүрегімді ерітіп жылы ағысың.
Қанша жақын жүргенмен «Менікі емес!», –
дегенді ойлап, құлазып тұрады ішім.
Сені көрсем абыржып, есім кетіп,
Басқаларды сескенткен сесім кетіп,
Бозбаладай бір ысып, бір суынам,
Жұрт назарын алмастан есіме түк.
Қиялыммен алам да құшағыма,
Елжіреп кеп, аялап қысамын да,
Ханзададай билеймін, ес жиғанда
Отырамын бөленіп құса-мұңда.
Шын ғашықпын!
Өзімде қайран қалам.
«Кездесті деп жүрсің бе қайдан маған?»
Жастық шақтың арманы-ең қол жетпеген,
Жігіттіктің бағында сайрандаған.
Алатаудың ерке өскен елігі едің,
Алма аңқыған мекеннен көріп едім.
Жылдар бойы өзіңді іздегенмен,
Көзден жырақ, ұстатпай келіп едің.
Қайта көрдім, ояттың сол сезімді,
Есіме сап, сері де, сал кезімді.
Есім кетіп алдыңа келіп тұрмын,
Айналдырма әзілге әр сөзімді.
Шын ғашықпын!
Сен ғана сенсең деймін.
Тұрпатымды Мәжнүндей көрсең деймін.
Жиғанымды жолыңа құрбан етіп,
Хафиз ақын сияқты берсем деймін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу