Өлеңдер ✍️
Өтті бәрі, өтті.. десем ішім күйіп кетеді
Өтті бәрі, өтті..
десем ішім күйіп кетеді,
Бір өкініш солқылдатып шекені.
Екеуміздің өміріміз ойымнан,
Қайталанып, кинодай боп өтеді.
Кеше еді ғой, мені жаным көргенің,
Сезіміңді хатпен орап бергенің.
Екеумізге өмір сондай тәтті еді,
Тіршіліктің татсақ та ащы кермегін.
Даңқ тербетіп, дақпырт еріп соңыңнан,
Кейде гүлдер, кейде тікен жолыңнан,
Кездессе де алған беттен қайтпаушы-ең,
Не көрсең де көріп өздік сорыңнан.
Керуеніне ай-жылдардың ілесіп,
Бір жеңіліп, бірде жеңіп, тіресіп.
Қаламыңды қанат етіп арманға
Жүруші едің тағдырыңмен күресіп.
Күндер түнге, түндер күнге жалғасып,
Жақсылық пен жамандықтар арбасып
Келгенінде жеңіп шыға беруші ек,
Біз екеулеп кіріскенде қолдасып.
Өтті солай, уақыт қалай тез еді,
Толтырумен тіршіліктің өзегін.
Жүрген кезде мәңгі-бақи өмірге,
Сенің жаным келіп қапты кезегің.
Менің барлық арманымды жай ұрып,
Бір ақ күнде қойды сенен айырып.
Енді сенсіз жанар ма екен еңбегім,
Енді сенсіз ақталады қай үміт.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇