Өлеңдер ✍️

  15.08.2022
  219


Автор: Сәуле Досжанова

АБАЙҒА АРНАУ

Бас ақыны қазақтың, жанашыры ұлтының,
Өлең, сөзбен емдеген жүрегінің тыртығын.
«Пайда ойламай, ар ойлап», терең білім алса деп,
Еліктемей байларға, мал толтырған құлқынын.
«Қалың елім» дегенде, жүрегі қан жылады.
Жаратқаннан сол елге бірлік, тірлік сұрады.
Толық адам болса деп, әр қазақтың баласы,
Жағып кетті жүрекке ізгіліктің шырағын.
Бес асыл іс атады, жақсы жолмен жүрмекке,
«Күлкі бағып, мін тағып, қосылма» деп дүрмекке.
«Сақалын сатқан кәріден, еңбегін сатқан бала артық»,
Осыдан ұлы сөз бар ма, ақырын ойлап, білмекке.
«Бес дұшпанын» ұлтының таныстырды білсін деп,
Баласының баласы құлағына ілсін деп.
«Қырық бес сөз» арнады надандықтан шошытып,
Жақсыларға салысып, жақсы болып жүрсін деп.
«Пайда ойламай, ар ойлап», артық білім алсын деп,
«Талаптың мініп тұлпарын жас жүректер жансын» деп,
Ұрпағына жасынан «жан құмарын» үйретіп,
Қайран қазақ ел болып, жайнатып қала салсын деп.
Орындалды бүгінде Абай айтқан аманат,
«Баянды еңбек» етуге ұмтылады жамағат.
«Жақсы менен жаманды» бөле қарап жастар жүр,
«Қайран елі қазаққа» келтірмеуге жаман ат.
Әлемдегі елдермен терезесі қатарлы,
Қазақ елі бүгінде – Абай елі аталды.
«Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстап» өренім,
Сүю керек Абайдай өзің туған Отанды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу