Өлеңдер ✍️

  12.08.2022
  80


Автор: Болат Жетекбай

Бәрі өтірік секілді өткен күннің

Бәрі өтірік секілді өткен күннің,
Бәлкім, мен де өзгеріп кеткен-дүрмін?!
Көркем дүние көзімді құр алдайды,
Көк кілемін жапқанда көктем қырдың.
Көз шалмасты, бәрібір, ой аңдайды,
Толғануын жүрек те қоя алмайды.
Селт етпейді сезімнің сансыз гүлі,
Көңілімнің көктемі оянбайды.
Көңілімнің көктемі жасанбайды,
Бір бүршігін жас жаным аша алмайды.
Қарап тұрсам өткінші әр сәтіме,
Қайратымның буыны босаңдайды.
Қиялымның қанатын жел кереді,
Онан сайын көкірек шерленеді.
Кеше емес пе, Құдай-ау, сәулешімнің:
«Осы тұсқа ертең де кел!» – дегені.
«Кешке жақын кешікпей жет!» – дегені,
Кеше еді ғой, мезгіл дәл көктем еді...
Ең болмаса, елесін қалдырмайтын,
Өтіп жатқан өмірдің жоқ дерегі.
Бәрі өтірік секілді, бәрі бекер,
Жапырақтай ғұмырым жанып өтер.
...Ұясына барады күн қонақтап,
Ертең тағы тірліктің таңы жетер!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу