Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  251


Автор: Медет Дүйсенов

КӨҢІЛІМ ЕРДІ ҚИЯЛҒА...

Атымтайдай қарық қып,
Кемді аялай,
Барым болса берер ем елге аямай.
Қиялым жүр кезумен кеңістікті,
Желдеп кеткен жапанға желмаядай.
Өңімде жоқ, тәтті елес түсіме енген,
Ол елесім қиядан ұшып өлген...
Құлақ тосып қайтемін қарқылына,
Қайыр күтпен ешқашан Күшігеннен.
Көңіл бөлмен мен оған, құрысыншы!..
Сөйлесін тек уақыт – ұлы сыншы!
Жанарыңды қада да ғарыш жаққа,
Жан-жүрегім бір суып, бір ысыншы.
Сұлбаларға шұбырған көшедегі,
Сырласады көңілдің осы өлеңі.
Қатқыл бетін асфальттің... бір-ақ соғып!
Табандарға мамық боп төселеді.
Төселеді...
Күйге сап неше мені.
Көгертер ме, кім білсін, көсегені?!
Иығымда,
Күлкі бар миығында
Періштеге тапсырдым пешенені!..
Аудара сап адалға сан кінәні,
Жалбаң-жалбаң, тірі жүр Жантық әлі.
Толтырмайды бүйірін тобырлардың,
Пайдасы жоқ Байлықтың тантығаны.
Армандары аласа – ергежейлі,
Көрсоқырлар,
Мұңымды көрме, мейлі!
Найзағайдың от жолын арқан қылып,
Өршіл жаным биікке өрмелейді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу