Өлеңдер ✍️

  25.07.2022
  185


Автор: Серікбай Бердияров

Бірінші рет шетелге шығар алдында...

Бірінші рет шетелге шығар алдында,
Әке-шешесі сыйлық әперген балғындай,
Жүрегім соғып, қолымды көкке көтердім,
Қуанышыңды күтпеген едім дәл мұндай.
Үш ұйықтағанда ойыңа қайдан оралсын,
Ауыл баласы болып өскенбіз орамсыз.
Қолапайсыздау, епетейсіздеу ісіміз,
Көңілімізде боп көрінетін жарамсыз.
Әйткеніменен құдіретіңіз күшті екен,
Жерде қалдырмай әрекетімізді істеген,
Жолдамасымен жолға шығуға сеп етті,
Анау-мынауды жоққа шығарды піспеген.
Шет еліңізде ығы да жығы халық көп,
Әркім өзімен ұнағандарын алып жеп,
Жүргендеріне шындығы өте қызықтық,
Айтатынымыз осысы болар нарық деп.
Көңіл күйіміз әдеттегіден жап-жақсы,
Шет елдік сапар болғаныменен алғашқы,
Барған адамдар білмегеніңді білдіріп,
Бір-біріменен жақындастығы жалғасты.
Ризашылықпен астасып жатқан жырымды,
Ата-бабаның үрдісіне салдым бұрынғы,
Көргенділердің көсемдігіне сүйенсем,
Іс көп екен ғой тіршілігіңде ғұмырлы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу