Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  192


Автор: Төлеген Жанғалиев

Құйын

Көңілімнің құйыны көтерілді,
Ей, тіршілік, жап енді етегіңді.
Әйтпесе, Ай мен Күнге жеткіземін,
Жердегі жел ықтаған өсегіңді.
Күңкіліңді Ай естіп, Күн де білсін,
Кигізген бір кебіске бір кебісін.
Аузы жеңіл шалдарды шаңға ораймын,
Үйге тасып жүретін түздегісін.
От ауызда оқ жылан тіл тірілді,
Қайтадан қанатамын тыртығыңды.
Өз-өзімнен тып-тыныш жатыр едім,
Өлтірмеуге серт беріп бір шыбынды.
Сыбыр, жыбыр көбейіп құрты қозған,
Ың-шыңсыз сабырымның ырқын алған.
Түрткілеп болмай қойды түйткіл тірлік,
Түйсігі өліп, түбірсіз түйтігі озған.
Қақырып тастайтұғын жұрт өкпесін,
Қарап тұрып қоғамның үркек көшін.
Қалай ғана жамылып жата аламын,
Күпиген өтіріктің күлтөкпесін.
Көңілімде сондықтан құйын тұрып,
Тұғырына аспанның тұр ұмтылып.
Шаң-тозаңы таусылмас жер бетінің,
Тіршіліктен кетейін ірің сығып...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу