Өлеңдер ✍️

  20.07.2022
  163


Автор: Баян Тіленшина

Қыз сыйламас халықты, Руханиятсыз, ұйық де..

Сайрамым, жұмақ Сайрамым,
Тұранның туы, айдарым.
Ауасы шипа, суы ем,
Қасиетіңе қайранмын.
Ханқорған мен Мәртөбем,
Түйінін шешкен айланың.
Сайрамнан мін таппадың ба?
Тек атым қапты-ау жадыңда.
Ұсақталып кеткеніңСорың ба, әлде бағың ба?
Күрделі істі қозғамай,
Сөз тердің «еркін» шағыңда.
«Қылт» еттің, сосын «шырт» еттің,
Түнердің, қайта «жылт» еттің.
Әзіл сөзге асқынып,
Тас аттың. Бетті бүркеттің.
Сайрамның сансыз бабынан,
Бата алмадың! Құр кеттің.
Сау-саламат жүрсің бе,
«Конвойы» бар құрметтім?
Нәр алу керек айтыстан,
Үлгі алмайық байқұстан.
Кісі емес кісі демей ме,
Сөз емес сөзді айтысқан.
Ақылсыз досты сызамын,
Ақылды артық қой дұшпан.
Ореке-ау, қандай дүлейсің?
Тақтың деп алқа мінейсің.
Алқа жеңген бірің жоқ,
Несіне аяқ шірейсің?
Тасқындан Ленгір шахтасы,
Жатқандай, нені күрейсің?
Жемтікке қыран қонбайды,
Жүрегі ұлы-тоңбайды.
Аққу махаббаттардың,
Киесі ұрған оңбайды!
«Көмешке шақыршы» деме,
Сол әдет саған жан- қайғы!
Айтыста сәл сын айтайық,
Әзілмен басты шайқайық.
Төбелеске шақырып,
Шіренбеші қайқайып.
Сен екеуміз айтты деп,
Шеңберден кетпес Ай тайып.
Сөзіңе қарай мақтанам,
Халықаралық тақтадан,
Амалбеков Асқарым,
Қос алтын тақты тап маған.
Он екі алтын-күмісті,
Бір мектепте сақтағам.
Алдына мақсат діттеген,
Намысқа бойын тіктеген.
Осындай өршіл ұлдардың,
Жолында жатпас жүк деген.
«Тақпадың,- деп, -ұлға алтын»
Кінә артпашы күтпеген.
Кемістік айтпай қайтадан,
Бойыңа қара айнадан.
Жаман ұл-қыз болмайды,
Өз мінін өзі байқаған.
«Ысқырығы жер жарар,
Жалғыз ешкі айдаған...»
Тоқсан сөзде түйін бар,
Базарлы жерде жиын бар.
Базарды бассаң бетіме,
Ақындық атың қиындар.
Тау тұлға, дарын жігіттен,
Түспесін ұсақ тиындар.
Қалтасы тесік қазағым,
Ат тісін ашып көреді.
Тек сауда емес, базарыңКөңілдің көркі, қорегі.
Балалы үй де базарлы,
Дауасы дерттің дер еді.
Мін іздеу ме мұратың,
Әлсізді орға жығатын?
«Жеңбесең» өйтіп қайтеді,
Сыйласаң егер Жыр атын!?
Көңіл шіркін қалады –ау,
Насыбайдан бір атым.
Киенің Сайрам ошағы,
Пәлеге төсін тосады.
Аятты ұқпас дүмшелер,
Айқайға сүрен қосады.
Шын ақынға өлім жоқ,
Періштенің қосағы.
Ақша қардай ары бар,
Лашындай асыл жары бар,
От жүрек Мұқағали да,
Жалғыздықтан торығар.
Дос таппай қазақ ұлынан,
Табынтқан қызды танып ал.
Қойшы қоймен сырласар,
Ғалым оймен қырды асар.
Нағыз ақын туылғанАқ қағазбен мұңдасар.
Әйел, бала-шағадан,
Аспаған сені түн басар.
Тағдырға әркім бағынар,
Берсін де маңдай бағы бар.
Жүр рет өлсе кей бейбақ,
Мың жасайтын тағы бар.
Сен ұқпас кітаптарымды,
Бағалайтындар табылар.
Көбею, өсу –заңдылық,
Айтасың несін ән қылып?
Қарау жандар қара іздеп,
Өз ізін өртер жандырып.
Періште жандар халықтың,
Есінде қалар мәңгілік.
Халқының мәңгі есінде,
Орден мен медаль төсінде,
Сақ дәуір, Аңқай, Аңырақай,
Маркстен тербер көсілсе,
Керім Тіленшин мектебін,
Айып па үйден өсірсе?!
Тірі шежіре, ғасырды,
Өз қолың жетпес асылды,
«Сасығын-ай!...» десең де,
Оңтүстік –санат бас ұрды.
Не үлес, еңбек еткен ең?!
Ірі сөз қайдан тасынды?
Тарихтың айтсам өткенін,
Сен көрген зәулім мектебім,
Қабыл мен Тұрсынайымның,
Сабыр мен менің көктемім!
Бүгінде көзің көріп тұр,
Көк жиекке жеткенін.
Көмеште туған азамат,
Шашасы шоқты қазанат,
Ғанидың үзеңгілесін,
Не оймен келдің мазалап?
Рухынан тауып кемістік,
Кеткенің бе «тазалап»?!
Елбасы айтып шешімін,
Мектепке берген есімін.
Халықтың ұлы--әкеме,
Қызмет етсем, несі мін?
Өсектеп кеттің оң қолмен,
Білімнің алтын бесігін.
Төрт қабат! Көкпен таласар,
Арнасаң дастан--бағы асар!
Маржан-сөз таппағаның –ай,
әке мен қызға жарасар.
... «Өрлеуді» ашқан әкемді,
Айлаң жетсе жаба сал!
Қиялдың ессіз құлы ма ең?
Түсінбейсің бе шынымен?!
Сақаулап жазып әке атын,
Несіне жүрмін тірі мен?
Оңбастай жазаланарсың,
Шындықтың алмас-пірінен.
«Керімше» емес, «Керім» де,
Таң болған қазақ жерінде.
Алақанында тербеткен,
Мың-мың жасты тегінде.
Ұстазы болған, сұрап көр,
Әкеңнің әкем, сенің де.
Көмештен өсіп, түледі,
«Ел-ел» деп соқты жүрегі,
Қоңырау күлкі сәбимен,
Бір жасап, мәңгі күледі.
Санасын нұрмен суарған,
Халқының әкем ұлы еді.
Қазақтың сары баласы,
Қастерлі болған шамасы.
Өнер, білім үйретіп,
Сәуле сепкен. Шамы асыл,
Төрт қатар өлең арнап ем,
Өсектеуіңді қарашы.
Тіленшіұлы Керімнен,
Ақ тулы патша шегінген.
Алғашқы комсомолдардың,
Шындықтан жолы өрілген,
«Ел» деген жалғыз сөз үшін,
«Шу» дегенде тебінген.
Тарихтың ақтаңдағында,
Оқ атқан ой мен дарынға.
Сәкен мен Ораз, Керімдер,
Оранған мұзға, жалынға,
Ел жайы үшін күрескен,
Бойында қаны барында.
Қалдыбайұлы Мамытбек,
«Бауыржан, Керім - алып»-деп,
«Бәйдібек баба арманын»,
Жүрекпен жазды дәріптеп.
Керімнің кенже қызымын,
Жазамын кітап «халық» деп.
Ұрмасаң мені қайтеді?
Дойырсың -ау, әй, тегі!
«Сауатсыз жазушылықтың»,
Қыспай ма сені әйтегі?
Арқалылар ауылында,
Тез сынар көңіл әйнегі.
Тіліңді нанға жани тұр,
Сен келген кезең –каникул!
Әкеме жазған өлеңім,
Ң;Қ- сы жоқ әлі тұр!
Сен алмай, оны кім алды?!
Солай деп Керім, Ғани тұр!
Әріптердің құйрығын,
Ұрлап жүрер ұрысың,
Жыр жарыстың сыйлығын,
Армандар бұлғақ тұрысың!
Ешкім жоқ! Сен-ақ келгенсің...
Бүйткен күнің құрысын!
Бойыңда сайтан бар екен,
Пейілің содан тар екен,
Қожанасыр – Орекең,
Құйрық –қоржын бала екен!
Күл- қоқыспен домбаздап,
Жеткізер жерің –жар екен!
Ғибрат ілші құлаққа:
Құлағанды жылатпа.
Жетім, жесір, ғаріпке,
Тіл жұмсап сауға сұратпа.
Шөлейтте қайнар ақ бұлақ,
Тас атпа әулие бұлаққа!
Үміт бар алға жалғаған,
Алдағы бақыт Алладан.
Ақында болса жауыздық--
Ұйқас сөз бекер сандалған!
Қара түтін бықсымас,
Нәрі таза шамдардан.
Тігісіңді ақтарма,
«Конвойыңа» мақтанба.
Күндес іздеп жүргем жоқ,
Күркіреме ақ таңда.
Майда- шүйде сөз айтып,
Жеке басқа тоқталма.
Шындықтың мынау дерегі:
Әйелдің үйде көмегі.
Қаз орғанға семіріп,
Ақын сөзден өледі.
Саған сенбес әйелің,
«Конвойың» болып ереді.
Лебіңнің көрдім удайын,
Орнында тұрмас су дәйім.
Жұбыңды мәңгі жазбауға,
Басқан ба мөрін Құдайым?!
...Зауалы болар әрненің,
Табаңа казір шыдайын.
Мектеп пен мешіт салудан,
Халықтан алғыс алудан.
Артық сауап, сірә, жоқ,
Меккеге жаяу барудан.
Тарихта мәңгі жасайды,
Қапалбай деген палуан!
Түрткілеп намыс бесігін,
Табалап жетім, жесірін,
Дәл сендей болып сайраса,
Қапалбайға бар кешірім.
... Сен шығарған газеттен,
Кім табар әділ шешімін?
Жаныңа батқан күйік не?
Көрмеп пе ең қызды биіктен?
Шалқайдың сонша! Шалқақта!
Шалқайып қарар биікке.
Қыз сыйламас халықты,
Руханиятсыз, ұйық де.
Жалғыз ана-қара нар.
Жүрегінде жара бар.
Жесір жігіт әйелсіз,
Мүсәпірмен бара-бар.
Жалғыздарды сүйейді,
Жақсы іні, ағалар.
Сөйледің, бала, аспандай,
Күйдіріп, бетке басқандай,
Жұбы жоқ жалғыз мен бе екем?!
Әзілің тікентас қандай!
Жұбынан жылап жүрген көп,
Құтыла алмайтын тас маңдай.
Елбасы-патша емессің,
Кімге кім, маған елессің,
Көңілің толған желік сөз,
Аузыңнан санат желі ессін.
Түріңді танып-білгем жоқ,
Бұл сөзім бекер демессің.
Тиістің кімге, танып ал:
Мен емес саған табынар.
Ара тектес екенсің,
Инең өтсе, шағып ал.
Өсек жинап келіпсің,
Орамалды тағып ал!
Жүрегімде отым бар,
Күйіп қалар қотырлар.
Өз ісімді талдайтын,
Иықта бас- сотым бар.
Өсек айтса жарасар,
Пісте сатқан қатындар.
Айнала ортаң солай ма?
Жарасар сөз –іс қалай да!
Ордабасы өсектің,
Өнбойыңнан тарай ма?
Киелі қалам не теңің,
Аулақтау жүр! Жарай ма?
Жарамды тырнап бұрынғы,
Суырттың қылыш-жынымды,
Тіленші бидің рухтары,
Ұшырды үрлеп құныңды.
«Ерің жоқ» деп есі бар,
Бет тырнамас бұрымды.
Өртеп бір кетті іздерің,
Өнуден күдер үзбедім.
Сен салған жарақаттарға,
Халқымнан дәру іздедім.
Домалақ анам қолдайды,
Мен емеспін қыз тегін.
Қысқанда бар зат тебілер,
Гук заңы- кейін шегінер.
Серпіліс күшін күтіп ал,
Бекет ізде бекінер.
«Молда» боп әліп айтып ең,
Мен қойдым ондап «екілер»:
«Тіркеу» мен «Білім» бөлімің,
Қалалық әкімдеріңнің,
Есігі тесік, тұтқасыз!
Туы қайда елімнің?!
Қираған бетон урнаңнан,
Шығып тұр бой-бой өрімің.
«Тіркеу» мен «Білім» паспортын,
Көргенде көзге жас тұнды.
Сауатты ел қайдан өрбиді,
Баққызса қойға қасқырды?
Желпінді «Жеңіс» ақ жалау,
Шошыну солай асқынды.
Даңғыл жолдың жағасын,
Ауданның «анықтамасын»,
Сауаттыға оқытсаң,
Сегіз қате табасың.
Сызықша, нүкте, үтірді,
«Оқымаған» шаласың.
«Көксәйек» мәден. үйіне,
Келмедің бе биыл не?
Есіктің алды көмір, шөп,
Жайыла ма сиыр не?
Есікті тесіп мұржаң тұр,
«СЭС» пен «Өртің» «мир» ме?
Машина жолға көлденең,
«Зертас аул» көлбеген.
«ТОО Алатау-сотрапи»
Полисөз не ол селдеген?
«Аурухана» тырнақша,
Кері мағына дер ме екен?!
НМ «Жеңіс», кооп «Жеңіс»,
Тырнақшасыз, теп-тегіс.
«...жауда, дауда алмай...» ма?
Төле сөзін естеңіз.
«Үзіміс, сембі, жексембі»
Көксәйекке жетсеңіз.
Шешер жер осы ма түйін?
Кітапханаң, мәд. үйіңҚара құлып! Иесіз!
Көңілім жұтты апиын.
«Мәд.үйің» «Кептер үй» бопты,
Көрмейсің қалай, сахиым?!
«Мәд.үйдің» жылтыр бет алды,
Сылақсыз жаны, шет, арты.
«Төле би» деген жалғыз сөз,
«Мәд.үйде» қате «2» алды.
Күліп ал күлсең өзіңе,
Сауатсызсың! Біл жалпы!
Көшең шотыр, нөмір жоқ,
Автоға белгі, көңіл жоқ.
Сайрамсу өзен үстінде,
Апаттан қорғар темір жоқ.
Ореке, жақсы білесің,
Қауіпті жерде өмір жоқ.
Аудандық әкімшілікте,
Ту тұрды. Жанды үміт те.
«Әкімнің жарлықтарына»,
Жапсырулы үгіттер...
Содан соң –ақ қайтадан,
Сөне берді үміттер.
Сенбеймін саған, басқаға,
Түсірдім бәрін таспаға.
Ертең сен тағы «жала» деп,
Болмауым үшін «масқара».
Маған тұмар тақпас деп,
Орекеңдей қас бала.
Төле биге ұрпақпын,
Туралықты шырқаттым.
Әйтеке би –нағашым,
Тәуеткен соң тіл қаттым.
Қазыбек бабам-қазынам,
Бір қазақ деп үн қаттым.
Мәртөбенің басында,
Құрылтайдың қасында.
Ынтымаққа жаниық,
Тіл қылышын осында.
Орынбасар, ірілен,
«Тудавайға» қосылма.
Бір қазаққа баламыз,
Бөлінбесін арамыз.
Ала көңіл біз болсақ,
Алда қалай оңамыз?
Қоқым-соқым сөз терсек,
Қоқыс қапшық боламыз.
Қан туыс бар ұқпайтын,
Жан туыс бар құптайтын.
Көбелек - дос тағы көп,
Жарығыңнан шықпайтын.
Адал пейіл керек -ақ,
Аждаһадан ықпайтын.
Сөз ұққанға тиер дөп,
Күннен де үлкен жұлдыз көп.
Салыстырып біз жүрміз,
Күн сәулесін күндіз деп.
Ұқсамай сиыр бүйрекке,
Жүрейікші «сіз-біз» деп.
Айдында аққу жүздіріп,
Көп болсын елде ізгілік.
Жылқышиев Болат жүр,
Бірліктің отын қыздырып.
Береке мен бақыттан,
Жүрейікші біз күліп.
Ой ойлайтын ең ізгі,
Биіктетер еңісті.
Айтаханов жүрген жер,
Әрқашан да жеңісті.
Сен де бір мін таппастан,
Менен «көрдің» кемісті.
Менен іздеп ақауды,
Өлең жаздың сақаулы.
Сомдағаның күлкілі,
Жазушыдан мақауды.
Ақын намыс-көк жасын,
Армандама отауды.
Жақсыларға сөз ерер,
Жамандарға шөп ерер.
Аққу сезімділерге,
Арсыз садақ кезенер.
... Пенделігін жігіттің,
О, жаратқан, кеше гөр!
Оңтүстігім киелі,
Күллі Тұран сүйеді.
Мәртөбеге тәуетіп.
Сайрамға бас иеді.
Құрылтай- ұлт көшінде,
Сөз түйінін түйеді.
Оң түстікті елімде,
Жылы, мейір жерімде,
Ән қанаты серпілсін,
Домбыраның шегінде.
Ұлан-асыр той болсын,
Нұр ойнасын көгінде!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу