Өлеңдер ✍️

  20.07.2022
  202


Автор: Баян Тіленшина

Парасат

Күндер ағып барады,көресің бе?
Зар етеді-ау бір күні елесіне!
Сырт- сырт еткен секундтың сиқырымен,
Бір мінерміз Бақилық кемесіне.
Асқан ұстаз бар ма екен Парасаттан,
Мирас еткен бесікті бала жатқан .
Тал бесік пен жер бесік – шиыр жолың,
Жеткенше Хақ бұйрығы ана жақтан.
Шиырларда не болар бітіргенің,
Көп бола ма нүкте мен үтірлерің?
Мазмұн – мәнін өмірдің қалай құрдың,
Бар болды ма тәуекел, шүкірлерің?
Шиыр жолда сүрлігіп құладың ба?
Жете алдың ба Арманды тұрағыңа?
Көңіл деген мәңгі жас 18-де,
Жастығыңды жоғалтып жыладың ба?
Сұрақ, лепті өмір –ай бұраңдаған,
Бақ тайғанда дәулетің құралмаған.
Қиналғанда сүйейтін қолтығыңнан,
Сұрадың ба жан серік бір Алладан.
Көп көрдің бе парасат дауылын да?
Дос еткің кеп сезімін жауыңның да.
Мыңмен жалғыз алысқан Абай сынды,
Санасыздан мыжылып, ауырдың ба?
Қандай сұмдық аппаққа қара жаққан!
Таңдай шындық – пәк гүлді ара шаққан!
Парасатты қастерлеп тапсырмасақ,
Қандай жеміс күтеміз Болашақтан?
Күндер ағып барады, көресің бе?
Зар етеді –ау бір күні елесіне.
Сырт-сырт еткен секундтың сиқырымен,
Біз мінерміз Бақилық кемесіне




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу