Өлеңдер ✍️

  20.07.2022
  141


Автор: Баян Тіленшина

Әке рухына тағзым

Көк байрақтай айбыным,
Ақылдың кені – байлығым.
Тіленші бидің кенжесі,
Немересі Майлының.
Кіреуке сауыт қорғаным,
Құрметі жүрген ортаның.
Әркім де түсер ажал-тор,
90-да тұтқан шортаным.
Өрбіген перзент, немерең,
Жалғасың емей неменең?
Жасайсың мәңгі! Орынсыз
жылауым керек неге мен ?
О, әкем - менің асқарым,
Төбемде заңғар аспаным.
Өзінен бұрын ойлаған,
Береке, бағын басқаның.
Бөлгенмен ажал денені,
Сезімді қалай көмеді?
Тірлікте жеткен жеңісім –
Рухыңның сенің көмегі!
Көңілді шайқап жыр-теңіз,
Жүземіз, әке, бірге біз!
Айдарымнан жел ессе,
Шалқиды бірге күлтеміз.
Жанымыз екеу, бір намыс,
Меже біреу, бір шабыс.
Жалындап өткен жан едің,
Тамсанып айтар жұрт аңыз.
Мақтаныш етем мен сені –
Шындықтың алмас семсері!
Сұмдық пен шындық айқасса,
Жалғанның шыққан сең-сеңі.
Кім едің, әке, сен деген?!
Дәл сендей адам кем де кем –
Жүрегін жұлып берсе де,
Жаралы жанды емдеген!
Періште дер ем! Адамсың!
«Мінезің тік» деп тағар сын.
Тура сөз жақпас туғанға,
Елге қамқор, адалсың.
Отырар орның жоғары,
Ұмытқан естер «тобаны»!
Таптаймын десе кім де кім,
Күлдірер шоқтан табаны!
Балқыса рухың балқысын:
«Өрлеуді» ашты тартысың!
Аштықтан алып қалам деп,
Абақ та көрдің халық үшін!
Талабы сондай уақыттың –
14 – те шалды оқыттың.
Мектептер ашып жер-жерден,
Қоғамның «миын» тоқыпсың.
Басыңнан тайған бақ талай,
Жабылды жала нахақтан-ай!
Тік ұстап басты жеңіпсің,
Өтіпсің еш «жіп аттамай».
Тереңім дауыл шайқамас,
Болғанда талай тай-талас,
Ашкөзді шұқып мін айтсаң,
Бетіңді бір жан қайтармас.
Арыстандай айбаттым!
Ұмсынған беттен таймадың.
Жүрген жерің той-думан,
Шежіре шертіп сайрадың.
Бейнеңді соқтым толғап жыр,
Рухыңмен, әке, қолдап жүр.
Пенделік бұзса жолымды,
Үзілген жерді жалғап жүр.
Әруаққа айтқан арызым –
Пенделік борыш-парызым –
Өзіңдей таза болады,
Өмірде басқан әр ізім!
Кер тусам-- кейін кетермін,
Ер тусам көкке жетермін!
Ақ алмас қында жатпайды,
Болмайды жолы «бекердің».
Жат алдында жыламан!
Сертімде сендей тұра алам!
Дәл сендей болып сүйсін-ақ,
Еркетай қызын тірі адам!
Қорғармын әлсіз торғайды,
Соқтыққан босқа – сорлайды!
Ниеті бөтен – жат маған,
Сатқынға сауға болмайды!
Кірлетпей өтем намысты,
Қасымда болар жаны ізгі.
Кім білсін, көкте тұрармын,
Таң шолпаны тәрізді?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу