Өлеңдер ✍️
Заман осы талайларды аздырған...
Заман осы талайларды аздырған,
Бұл жалғанда болған жоқ қой аз құрбан,
Көрге түсер ақырында адалға ор қаздырған,
Көмусіз де қалып жатыр салт-дәстүрді тоздырған,
Судан дейді теңізшінің ажалы,
Көп қой, бірақ, ванна ішінде көз жұмған.
Өкінсең де күндеріңе даңғазамен бос өткен,
Тіршілікке болмасыншы, дос, өкпең,
Есепшінің есі шықса есептен,
Ұрдажықтар өліп кеткен көздеп атқан кесектен,
Алааяқтар ала арқанға маталса,
Жезөкшелер ажал тапқан төсектен.
Бірде тәтті бал жалатса, бірда тастай мұз берген,
Өмір осы сіздер көрген, біз көрген,
Абақтыда ақымақ болып данышпан,
Кей ессізің ақылды боп шығады екен түрмеден.
Мұрттай ұшар қаңғып келген оқтан да
Құралайды көзден атқан сұр мерген.
Шешендер де, ақындар да елді аузына қаратқан,
Біреу жолдан, біреу қолдан, біреу тәтті шараптан,
Ішіп-қанып, әбден тойып,
қайтқан жандай қонақтан,
Өтіп жатыр...
Кетіп жатыр о дүнияға жаратқан.
Күнде осылай.
Сызып қойған жазуы бар жазмыштың,
Тал түс болған...
Күн байыған,
Түн жамылған,
Таң атқан...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇