Өлеңдер ✍️

  13.07.2022
  112


Автор: Аманғали Ербозұлы

Көңілде қайғы, көзде мұң...

Көңілде қайғы, көзде мұң,
Оралмасыңды сезгенмін.
Тіршілік деген мұхитта
Сені іздеп шыққан кезбемін.
Қолдай гөр мені, кең далам!
Қолдай гөр мені, сен ғалам!
Жиырмасыншы ғасырдың
Робинзоны мен болам.
Қиялшыл қандай жігіт деп,
Қарамағайсың күліп тек.
Үстінде келем кеменің
Аталатұғын «Үміт» деп.
Жақындап кейде жырақтап,
Ұмтылам қайта бір аттап.
Жүрегіңдегі аралда
Қалсам-ау деймін тұрақтап.
Басқаша болмай басқаша
Тағдыр да мені қоштаса.
Үмітім – кемем тек сонда
Жүрегіңе әкеп тастаса.
Болса ол меңгі қонысым,
Сұрамас едім қол ұшын.
Жыр қылып жазып жатыр ем
Жүрегімнің әрбір соғысын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу