Өлеңдер ✍️

  19.06.2022
  76


Автор: Әділбек Ыбырайымұлы

Баса алмайтын шығармын солығымды...

Баса алмайтын шығармын солығымды,
Сыр ашатын адамның жоғы – мұңды.
Ісіп кеткен бет-аузым көнектей боп,
Араладым, өлілер, қорымыңды.
Сұлбалардың зарлы – үні.
Тітірендім,
Аздық етіп жатыр-ау бітірі елдің.
Имандығың жүзіңнен жоғалды өмір,
Мен де бір күн өзіңе түкірермін.
Қара ат мініп жөнермін құбылаға,
Түрі жаман заманның – құбылады, ә.
Қайта оралып келемін қара жерге,
Заңғар көкте айналып шұғылаға.
Зар жылайды қазірше жетімдігім,
Сұлбасында пенденің бетім бүгін.
Айналармын абайсыз аруаққа,
Шамасында елеусіз екіндінің.
Әке, сонда ашарсың көрпеңді кең,
Бұл өмірден ол өмір көркем, білем.
Бүгін – пенде, ісім бар ұсақ-түйек,
Аруақпын киелі ертеңгі мен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу