18.06.2022
  99


Автор: Ғафу Қайырбеков

ТОҒЫЗЫНШЫ ЖЫР

Деді. Сонда Одиссей жауап қатты толғанып:
«Патша Алкиной Феакийдің мейірімі мол халық,
Ерлеріңнің көсемі ықыласымызды аударған,
Құлақ құрышын қандырған, əншілердің жаңғырған.
Əсем үнін естірткен пейіліңе жан құрбан.
5. Бүкіл ел боп əн айтқан, құрған сауық, серуен,
Əр үй толы қуаныш, той кетпеген төрінен.
Арылмаған мейманы, дəмге толы дастарқан
Ағылғандай тарабы бейне бұлақ көзінен
Көбік атқан қолында сусыны мол тостаған.
10. Мұндай жұрттан армансыз айналмасаң бола ма?!
Бəрі жақсы, бірақ та қолқаңыздан садаға.
Болар едім, мен мұңлық сұрадыңыз жағдайын
Жаралы бұл жанымды тағы басып саруайым,
Қаламын ғой қан жылап, қайғы төгіп санама!
15. Қайсын саған айтайын, басын яки аяғын?
Көп құдайдың есіркеп қайсы мені аяды,
Қырсықтарын қаптатып төкті менің басыма
Əуелі атымды айтайын, менің өмірбаяным
Мəлім болсын бəріңе, кəрі менен жасыңа.
20. Соңғы күнге дейін мен қонақ болдым құрметті
Менің атым – Одиссей, баласымын Лаэрттің,
Даңқы шыққан əлемге мың айлалы өнермен,
Елдің бəрі аңыз ғып, мақтап көкке көтерген
Күн сəулелі Итаки болам сонау мекеннен.
25. Онда Нерион көрінген əр тұсынан теңіздің,
Орманды тау-шыңы бар ең биікте ең ұзын;
Бір-біріне тым жақын орналасқан аралдар,
Дулихий мен Зам жəне ағаш басқан денесін
Закинфтың аралы – қатар жатқан соған дəл.
 30. Ең бастысы Итаки теңізбенен қоршалған,
(Бір жағынан Ай сүйіп, бір жағынан Күн шалған);
Топырағы тастақтау, ер туғызған бірақ та
Итакиден сүйкімді жер қайда бар қу жанға?
Құдай қыздардың кұдайы – Калипсо қыз жырақта
35. Мені текке ұстады қол астынан босатпай,
«Маған үйлен, мені ал» деп, оған дағы жан сатпай
Шығып кеткен кезімде, əміршісі Эяның –
Цирцея қыз ол да арбап, айтып алтын, аянын
Жар бол деді өзіне, ол да ұстап шаршатты-ай.
40. Айласына олардың шырмалмады жүрегім;
Айырбасқа береді кім отанын, кім елін?
Жүрсең дағы жат жердің көріп қызық, рахатын
Ата-анаңнан алыстап оң болмайды тілегің
Айтайын мен алайда, болса соған рұқсатың.
45. Ауыр сапар жолымды енді етейін мен баян
Зевс басқа іс салып, жүзіп шықтым Троядан.
Сонау Илион түбінен бізді дауыл жел айдап
Қаласына Кикионның, келіп жеттік Исмарға
Тас-талқанын шығардық, бізге шыдар күш бар ма?
50. Тұрғындарын түгелдей қырып-жойып тастадық,
Əйелдерге тимедік, мал-мүлкіне бас салып.
Тонап алдық қазынасын, сол арада бөлістік.
Айтқаныма көнбеді кіл ақымақ, мас халық
55. Тойлай берді жағада өгіз сойып, қой шалып,
Қаладан қашқан кикондар, қайта келіп жиналып.
Көрші, іргелес тұратын туыстарына хабарлап,
Қара құрттай қаптады атқа мініп, жаяулап.
60. Олар еді жауынгер ат үстінде, жерде де,
Жапырақтар жауды кеп, тоқтамастан кермеге.
 Сонда барып сездік біз Кроннонның қырсығын
Əзірлеген біздерге. Жақын тұрып кемеге
Бастап кеттік айқасты, қылыш шаншып кеудеге,
65. Лақтырыстық найзаны. Таң атқанша, күн шығып,
Беріспедік, қорғанып, шамадан тыс күш қылып,
Күн арбасы сырғанап көкжиекке барғанда
Ахейлерді Кикондар қамап-торлап алғанда,
Таптық тағы жеңіліс, қашуға енді бет бұрдық.
70. Əр кемеден алтаудан жойқын ерді жоғалттық,
Өзгелері ажалдан өйтіп-бүйтіп сау қапты,
Жүзіп кеттік əр қарай, өлгендерді жоқтаумен
Жүрек қарс айрылды, құрметтедік аруақты
Сау қалғанда өзгеміз көп шүкірлік, көп тəубең
75. Кемелерді жағалаудан əзір əкетпей тұрдым мен,
Батырлардың бізге жеткен ежелгі салт-ғұрпымен.
Шейіт болған жолдастардың үш қайтара есімін
Атап айтып шыққанша. Осы кезде Борей – дауыл бұлты
Зевс бізге жіберді күркіреген кесірін.
80. Көкала бұлт сатырлап жерді шайқап, теңізді
Сапырды-ай кеп, түн түнек қырсықтарын өргізді.
Өңшең кеме жөңкіді толқын сүзіп тұмсығы,
Үштен-төрттен жел-арқан əлденеше үзілді,
Желкендерді жинап ап, кеме ішіне кіргізді.
85. Өршеленген дауылдың ашуынан сескеніп,
Ескекпенен демедік ықтасынға бет беріп,
Жағалауға жақындап, сол арада тұрдық біз.
Екі күн жəне екі түн шарасыздан кептеліп,
Əлсіреген, əл кеткен, жүрегіміз дерттеніп.
90. Үшінші күнді əкелді жарқыратып алтын таң;
Діңгектерді бекітіп, желкендерді қалқытқан.
 Керіп тастап жағалай, кемеге кеп жайғастық,
Зуылдады кемелер ескен желге бағыттан,
Атамекен, елге біз жетпек едік жалғасып
95. Толқымаса көк теңіз. Борей-дауыл соқпаса,
Адастырып ақ жолдан; Қатарласа, қаттаса
Өтпек едік Малейден, алыстатып Киферден
Əкетті ғой дүлей күш. Тоғыз күндей қатерден
Босай алмай бостық біз, бізге сол кез батты аса.
100. Оныншы күн дегенде Лотофагтар жеріне
Əрең келіп іліктік, еріп теңіз желіне.
Аяғымыз жер басып, ауыз судан қор жинап.
Жеңіл тамақ əзірлеп, алдық біраз əл жинап.
Ал содан соң екі бір пысық жігіт жөн білер
105. Таңдап алдым қосыннан (Үшіншісі жаршы еді),
Біліп қайтуға жібердім – келген жұрттың қайсы елі.
Бізге дəмі бұйырған сонау алыс қиырдан
Лотофагтар елі екен, бейбіт жатқан момақан,
Елшілерге тимепті, қайта оларға жөн айтқан.
110. Тағамдары жейтұғын теңізге өскен гүл екен,
Содан жақсы дəм жасап, өздерінше сый еткен.
Тəттілігі соншалық, оны жеген тамсанып,
Əлгі елшілер бəрі де, басы айналып құрметтен,
Қайтқылары келмепті. Мекеніне бір кеткен
115. Ақыры олар оралды, жиналысып кемеге,
Отырып ап сəкіге, келгеннен соң кемеге,
Көк теңізді көпіртіп ескек есіп жөнелдік,
Əрі қарай жүзумен тағы жеттік бір елге –
Ол дəулердің елі екен, жаратпаған төмен ғып.
120. Өркөкірек, жанжалқой, өңшең дүлей қатыбас,
Еркелетті құдайлар, шындықпенен жаны қас,
 Екпей, сеппей, жер жыртпай шыға берген егіні,
Қара бидай, тары ма – дүниенің тегіні.
Салбыраған жүзімі – ала берсең, таусылмас.
125. Кроннон оларды суаратын, баптайтын,
Ел екен бір жиналыс, кеңесіңді ұнатпайтын.
Қараңғы үңгір немесе тау басында өркендеп
Жатады өзі бұтақтап, əйелдері қақпайтын
130. Ердің бетін ешқашан, өзі қожа, өзі бай,
Өзгелерде ісі жоқ, бола берсе өзі ұдай.
Сол жерде бір иесіз, құлазыған арал бар,
Құшағында теңіздің жалғыз оқшау қараңдар.
Алыс та емес, жақын да дейтұғын қол созымдай
135. Ол дəулердің елінен; Онда тағы ешкілер
Мыңдап өріп жүреді, жоқ та шығар ешбір жер
Ондай адам аяғы жетпеген де, баспаған;
Ит жүгірткен аңшы да тау мен тасты шарлаған
Ол аралға бармаған, оған аяқ салмаған.
140. Топырағына, сірə да, соқа түсіп көрмеген,
Табын-табын малдары еркін тауға өрлеген.
Онда адам жоқ өйткені, қорқу-үрку білмеген.
Жалғыз көзді дəулерің кемеден жоқ хабары
Кеме жасай алатын өнері жоқ, амалы.
145. Егер ондай болғанда ел аралап, жер көріп,
Теңіз кешіп кетер ед, нелер істі меңгеріп,
Сонда мынау аралды гүлге бөлеп қояр ед
Жалғыз көзді дəулерің, топырағы кұнарлы
Не ексең де шығатын, болашақта көп əлек.
150. Беткей жағы теңіздің қалың шалғын жайқалған,
Одан əрі бал құрақ жапырағынан май тамған,
Сол араға, шіркін-ай, ексе жүзім ағашын,
 Қара бидай ол дағы аспан жердің арасын
Тірейтіндей өсер ед – əр көктемнен, əр таңнан.
155. Сонда сайлы бұғаз бар кеме тоқтап тұратын,
Зəкір тастап жатпайсың, арқанды да ширатып,
Қажеті жоқ байлардың қалтылдаған қайықты
Ойламайсың қауіпті жел кетер деп құлатып
Қашан жүзгіш өзі кеп жөнелткенше зулатып.
160. Ең басында бұғаздың атқылаған бұлақ бар,
Суы сондай мөп-мөлдір, жағасында құла тал.
Самал есіп үңгірден, сая берер жаныңа
Кірдік осы бұғазға кемелермен қаз-қатар;
Қараңғыда жол нұсқап, қолдап бізді аруақтар.
165. Өйткені арал тұлғасын көру мүмкін емес-ті;
Тұмая қоршап алғанда кемелердің денесін,
Биік аспан-көгінен ай түсірмей сəулесін,
Қамап алған қалың бұлт оның аппақ сəлдесін,
Көре алмадық солайша аралдың біз сүлдесін.
170. Тіке жарға шапшыған ұзын-ұзын толқынның
Тек дыбысы болмаса, түнегінен ол түннің
Көре алмадық оны да; тірелгенше кемеміз
Келіп жардың басына; желкендерді жинап ап
Ұйықтап кеттік қалжырап, жылынды да денеміз.
175. Таң атып, күн шыққанша ашық аспанға еркелеп,
Кеттік кесіп содан соң жартастарға өрмелеп,
Карап шықтық аралды ғажабына таңырқап,
Кұдай Зевстің қыздары – қайырымды Нимфалар,
Ешкілерді əкелді алдымызға кермелеп,
180. Асқар таудың басынан, азық еттік соны біз,
Садақ, найза аңшылық босай қалса қолымыз,
Кемелерден əкеп ап, қару-сайман жарақты,
 Бөлініп ап үш топқа, бастап кеттік ойранды
Құдай бізге олжа сап, үйдік азық-тамақты,
185. Он екі бірдей кемеге; Əрқайсында тоғыздан
Ешкі тиді үлеске; Оны өзім бауыздап
Сыбағама қалдырдым. Күні бойы дəмді ет жеп,
Тəтті шарап іштік біз, өлеңдеттік, əндеттік,
Бүкіл аралда өзіміз-өзімізбен жалғыз қап.
190. Кикондардың қаласын шапқан кезде баяғы
Олжаланған бар еді кемеде алтын шарабы.
Босап қалған ыдысқа соның бəрін толтырдық
Ауылынан дəулердің түтін көріп отырдық,
Дауыстарын естиміз дірілдеткен ауаны.
195. Қой, ешкісі маңырап, оларды да естідік,
Күн еңкейіп бұл кезде, келді дереу кеш кіріп,
Жарға соққан толқынның əлдиімен ұйықтадық,
Атты жайнап Эос-таң, серіктерді жиып алып,
Кеңес құрдым: «Жолдастар, сендер мұнда шеп құрып,
200. Күтіп жата тұрыңдар, азын-аулақ кісі алып,
Мен барайын шолуға, неғылған ел, қай халық.
Жайлайды екен бұл жерді, біліп қайтып оралам.
Мінездері қандай жұрт, тентек ел ме есалаң,
Əлде ел ме қайырымды. Көп құлшылық жасаған.
205. Болдым дағы соны айтып, міндім келіп кемеге,
Достарымды шақырдым. Отырғызып кемеге,
Арқандарды шешкіздім, бəрі отырып алған соң,
Сəкілерге жайғасып, жөнелді есіп ескекті
Көк толқынды сапырып, екпінінен ес кетті.
210. Жақындағы жағаға кемемізді тоқтатып,
Көрдік үлкен үңгірді, көбіктерін көкке атып
Жатқан толқын ұрғылап, бір жартастың түбінен
Шырмауық шөп қоршаған əлгі үлкен үңгірден
Бақсақ, іші толған мал, кім қамаған, кім кірген –
 215. Бізге жұмбақ о жағы. Одан əрі тұр қамал
Шомбал тастан қалаған, ішінде оның қора бар,
Биік терек, қарағай қоршап қойған қорған дəл.
Сұмдық биік денесі тұрады екен бір еркек,
Бағады екен тек өзі ешкі, қойды іріктеп,
220. Қатысы жоқ ешкіммен. Жабайы адам секілді
Оған сот та, заң да жоқ – тұрған бойы – еркіндік.
Түрімен де, бойымен алатындай зəреңді,
Ұқсамайды адамға, осынау бір бəлеқор
Мақұлық десе болғандай – заты, əйтеуір, еркіндік.
225. Пəндеге емес, ұқсайды таудың тағы шыңына,
Тұла бойын түк басқан үндемес бір миғұла.
Серіктерге айттым мен – қалыңдар деп жағада
Алыстамай кемеден, көз айырмай қарауға
Осынау бір пəледен. Өзім сосын жидым да
230. Он екі адам серікті нағыз батыр, сенімді ер,
Меске шарап толтырдық, өзі түгіл демі – жел
Ішсең қаның тасатын. Сыйлап еді бізге оны
Марон атты данышпан – Аполлонның жолдасы,
Еванфейдің баласы, сөз сөйлеуге ерінер.
235. Əулие атын сыйлап біз – кеше Исмарды шапқанда
Əйелі мен баласын өлтірмек боп жатқанда
Аман алып қалып ек, сыраға бал, сыйға сый
Дегендей-ақ, риза боп, тарту етіп ол сонда.
Аполлонның тоғайы – əлі есімде сондағы үй.
240. Сыйлап мені ерекше, жеті талант-құйма алтын
Тазаның да тазасын тек шеберлер сомдайтын
Берді маған жəне де соққан шара күмістен,
Он екі ожау ішіне шарап құйды ғажайып
Құдай сусыны секілді арманы жоқ бір ішкен,
245. Оның дəмін татқанның. Үйінде жүрген құлдар мен
Күңдердің бірі білмейді оның қайда тұрғанын.
 Тек өзі мен əйелі, сенімді кілтші болмаса,
Бұл шарапты осынау сирек тəтті дəмі аса
Рахаттанып кімде-кім ішемін деп ойласа –
250. Сүзіп, құйып шараға, жиырма тамшы су қосып,
Ішеді оны шарадан оны құйған бір хоштық
Иіс аңқып тұрады, сол иісті сезгенде-ақ
Ішпей дəтің шыдамас, бар тəбетің қозғалмақ
Сол шарапты біз меске толтырып ап, дəм-тамақ
255. Алдық тағы молынан, əлгі дəуге жөнелдік,
Ашуы қатты долы жан, еш түрі жоқ көрерлік,
Салт-жөніңді, əдепті танымайтын, білмейтін.
Жақындадық үңгірге, бірақ өзі жоқ екен,
Қой-ешкісін өргізіп жуық маңда жүр еркін.
260. Кең үңгірді аралап көріп шықтық сол тұрған,
Көп ірімшік жағалай себеттерде тоқыған.
Қамап қойған қозы-лақ – жас-жасымен бөлшектеп,
Бер жағында олардың айран толы кеспектер
Ақыл берді серіктер, осы арадан кетсек деп.
265. Айран менен ірімшік дереу бəрін жиып ап,
Қозы-лақты қапшыққа төрт күйде түйіп ап,
Кетейік те кемеге, əрі жүзіп қашайық,
Десті олар, не керек, қырсық басым, көнбедім.
Сол дəуіңді көзіммен мақсат еді көрмегім.
270. Бəлкім, бізді қонақ қып, сыйлық берер деп едім,
Қуанышқа жазбады, оны менің көргенім.
Ошағына от жағып, құрбан шалып отырдық,
Анау-мынау тамақпен ішімізді толтырдық.
Сосын күттік біз оның үйіне қайтып келгенін.
275. Бір кезде отын арқалап кешкі асына жағатын
Келіп кірді ол, еденге дүрс еткізіп қап, затын
Қойды дағы, қарады жан-жағына үңіліп,
 Жаман қорқып қуысқа қалдық біздер тығылып,
Тойған əбден от оттап қой, ешкісін үйіріп,
280. Кіргізді əкеп қораға, ұрғашысын бірыңғай,
Еркектерін бірыңғай – саралады жұбындай.
Саулықтарын кіргізіп, қошқар, теке – өзгесін
Сырт қорада қалдырды. Есігінің ауызын
Бітеу үшін тасты алып, дəл өзіндей дəу, ұзын
285. Көтерді кеп, ал енді үлкендігі соншама
Жиырма екі арба көтермес қос алабы болса да
Бейне таудың өзіндей. Бітеді үңгір есігін,
Соныменен бастырып. Сосын қой мен ешкіні
Саууға кеп кірісті, емшегіне қол сала.
290. Өзі сауып болған соң, қозы-лақты теліді
Енесіне əкеліп, иіп тұрған желіні.
Құйды сүтті кеспекке, айналсын деп іркітке
Майлы ірімшік жасауға; Қалған сүтін құйды əкеп
Бөлек-бөлек ыдысқа, не азанда, не түсте
295. Не кешкі астың алдында өзі ішуге қолайлап,
Келгенінде жайылымнан сусап, шөлдеп, мал айдап.
Жайғастырды шаруасын көңілі жай болғасын
Лауылдатып от жақты, бізді көрді содан соң,
Гүж ете қап, тіл қатты: «Ей, кезбелер, қайдансың?
300. Қаңғып келген кімсіңдер су жолымен мұншама?
Нендей шаруа, нендей іс? Əлде əшейін жəйша ма?
Ерсіл-қарсыл ерігіп, теңіз бетін шимайлап,
Жансыңдар ма жүрген тек, ажалына бас байлап,
Ел біткенді шулатып, арасына дау сала?!» –
305. Жан шошынар үнімен осылайша сөйледі,
Көріп тұрып тажалдай бұл сұрапыл бейнені
Мен де оған тіл қаттым: «Ахейліктер едік біз,
 Жүзіп шыққан Тройдан; Жел қуалап кемені
Тура жолдан адастық, Атамекен жердегі
310. Елімізге беттеп ек, ықтияры ғой Зевстің
Бізді осылай сандалтқан, себебі бар əр істің.
Агамемнон патшаның – Атридтің əскері
Қызмет етер орнымыз; мекен еткен жер үстін,
Жұмыр басты пенденің бəрінен артық қастері.
315. Даңқы кеткен ер еді ол. Ұлы шаһарды қиратып,
Талай жауын жаусатқан бала-шағасын шулатып.
Дізе бүгіп алдыңда, жалбарынып сұраймыз,
Мекеніңе паналат жəне бізге сый тартып,
Шығарып сал демекпіз, ескі салтпен мына біз,
320. Қаңғып қалған жандарды қайрымыңнан айырма,
Баспана бер біздерге, өтінішті қайырма.
Аспандағы Кроннон – қонақжайлық құдайы
Қаһарына кезікпе – ықыласыңды дайында.
Мына біздей пақырға көзіңді сал ұдайы», –
325. Деуім менің мұң екен, кереметтей долданды
Жалғыз көзді əлгі дəу, шамырқанды, шамданды:
«Келген кезбе алыстан жансың өзің есуас,
Құдайларыңнан мен сенің қорқады деп ойладың.
Жалғыз көзді дəулерге оларыңның бəрі пəс.
330. Түспейді ешбір ісіміз Зевсіңе де, өзгеге;
Нəсіліміз, сірə, артық қай уақыт, кезде де
Оларыңның бəрінен. Жай ойнатқыш Зевстің
Қаһарынан мен қорқып, кешірім қылам не үшін,
Сендейлерге қаңғыбас əрі есуас кезбеге?
335. Не істесем де өз еркім, бəрі өзімнің ыңғайым,
Енді айтыңдар, кəнекей, мен сендерден сұрайым,
Кемелерің қайда тұр жүзіп келген бұл жерге?
Алыс па, əлде жақын ба? Білгім кеп тұр осыны?» –
Деді, өзі қу екен. Сұрағының тосыны.
 340. Қулығына қулық сөз дайындадым мен дағы:
«Жер қозғағыш Посейдон – ашуының зардабы
Кемемді менің қиратты, шалғай емес бұл жерден
Жартасқа əкеп соқты да, сынықтарын күйреген
Толқын айдап əкетті, ештеңесі қалмады.
345. Азын-аулақ адаммен өзім əрең құтылдым», –
Дегенімде еш жауап айтпастан ол құтырды.
Ашулы аңдай ар етіп, созып ұзын қолдарын,
Серігімнің екеуін бір-ақ мытып, күшік құрлы
Көрместен ол көтеріп алды дағы, тасқа ұрды.
350. Бас сүйектер быт-шыт боп, жерге миы шашылды.
Екеуін де бөлшектеп, асындай-ақ асулы
Отыра қап, сұмдық-ай, жей бастады мыжғылап.
Бəрін түгел жеп қойды, сирағы мен басын да,
Ішек-қарыны, бауырын тықты аузына жүз бұрап.
355. Мұндай сұмдық жауыздық куəсі болған біз бейбақ
Жыладық сонда Диюға, қол жайдық та ойбайлап,
Ақыл-естен айырылдық, миымызды мұң жайлап;
Тойып алып адамның сүйегі мен етіне,
Сүтін ішіп соңынан, ықылық атып кекіре
360. Адам жегіш жалмауыз, азын-аулақ есінеп,
Қойларының ішіне жата кетті көсіліп.
Осы кезде мен оған, жүрегім ғажап өшігіп,
Тез жақындап келдім де, көкірегін тесуге
Жалаң қылыш сермеуге енді қалған кезімде
365. Бір ой келді басыма, қалған кезде қол барып,
Мына үңгірдің есігін ол болмаса, біз анық
Ашуымыз қиын-ақ, əліміз жоқ қозғарлық,
Жабылсақ та бəріміз. Олай болса – біз де өлдік.
Не де болса ақ таңның атуына тез көндік.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу