Өлеңдер ✍️

  17.06.2022
  215


Автор: Серік Жетпісқалиев

ЖҮРЕГІМДІ КҮН КҮЙДІРІП ЖҮР МЕНІҢ

(Айболатқа)
Сәні ығыр ғып, үлде менен бүлденің,
Жүрегімді Күн күйдіріп жүр менің.
Өзегіме түскен қайғы – қара түн,
Құр сүлдерім Жер бетінде жүргенім.
Сезіндім де сөгілгенін іргенің,
Қамшымды енді керегеге ілмедім…
Көнетоздау төс айылын бір тартып,
Ат арқанын қайта-қайта күрмедім.
Үзіп кетсе,
атымды іздер кім менің,
Кеткен ұлан
қайтып келмес – білгенім.
Зарым мұңға,
айналды ептеп арманға,
Түс көретін театрым түн менің.
Менің жүгім,
қайғы мендік,
бір менің!
Кінә емес, достым ойнап-күлгенің.
Көңіліңе қарамайды Тіршілік!
Өлгенменен өлер, дейді, бірге кім?!
Иеленген досым қайғы,
бір менің,
Түс пе, өң бе,
…кеңістікте біргемін.
Көк күмбезім
Қалғандай-ақ түндіксіз,
Жүрегімді Күн күйдіріп жүр менің!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу