Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  291


Автор: Кәкімбек Салықов

ТУҒАН ЕЛІМ, ТУҒАН ЖЕРІМ

Сүйіп келсе өлкемді күн,
Көрдім кербез жер кеңдігін.
Астанада көк Есілдің
Жағасында терсем гүлін,
Туған елім, туған жерім,
Ол – өзіңнің көркемдігің.
Сүйсе сүйсін сүйікті күн,
Сенсіз бақыт жиыпты кім?
Әлемге әйгі даңқыңды айтып,
Жүрсем шаттық үйіп бүгін,
Туған елім, туған жерім,
Ол – өзіңнің биіктігің.
Келді шалқып айтар күнім,
Қуатың мол байқар бүгін.
Тәуелсіздік аясында
Тамсандырса шалқарлығың,
Туған елім, туған жерім,
Ол – өзіңнің дарқандығың.
Ай мен Шолпан ғашық сырын
Жұлдыздардан тасып бүгін,
Ғарышкерлер есен келсе,
Қарсы алады асыл жырым.
Туған елім, туған жерім,
Ол – өзіңнің асылдығың.
Жарқыратқан ел кескінін,
Жақсылыққа жалғасты үнім.
Қазақстан қарқынына
Ел қалған жоқ сенбес бүгін.
Туған елім, туған жерім,
Ол – өзіңнің дербестігің.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу