Өлеңдер ✍️

  08.06.2022
  235


Автор: Зәкіржан Қалкенбаев

Теңізде

Ата Каспий!
Алдыңа алып аймала.
Шамам жетсе ұзағырақ малтырмын.
Мені күтіп алар екен қай жаға
Көкжиектен үміт күтіп алқындым.
Ақ моншағың жанарымды қытықтап
Құлаш созсам, құшағыңды жаярсың.
Сайран салсам айдыныңды ұлықтап
Өз ұлыңның қылығына саярсың.
Алыстадым жағалаудан
Өзің біл –
Бәлкім мені ықтырарсың аулаққа
Төскейіңде жанға жақын сезім жүр
Әкет мені күңкілдерден сау жаққа.
Алға лақтыр
Көтеріп көр, буындыр
Сырыңды ақтар құлағыма сыбырлап.
Мені әйтеуір тазарғанша жуындыр
Жігер сыйла, кебірсіген мұңымды ап.
Алға асықтым
Келмес кейін қарағым
Жағалаудың қылығынан шошынғам.
Шалғайыңда ғана тыным табармын
Мен жоғалтқан барлық мөлдір осында.
Күрсінесің,
Сипап қойып басымнан
Кейде биік көтересің жәй ғана.
Күбір-күбір шежіре айтып ғасырдан
Көк шәйімен қымтап жатыр айнала.
Сәл деміктім,
Жуып тегіс денемді
Толқындарың маған таныс айтады ән.
Бар күнәмнан арылып ап мен енді
Періште боп оралармын қайтадан.

Төсіңдемін
Кермегіңді таң көрсем
Күткенім де тек өзіңнен араша.
Тал бойымнан түйір арам қан көрсең
Өкінбеймін,
Терең тарт та, жаба сал!



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу