Өлеңдер ✍️
Ала аяқтарға құранды ер, жабу салдырып...
Ала аяқтарға құранды ер, жабу салдырып,
Гүлді пішенді ауыздықпенен шалдырып,
Бел будық тойға асабаларға қосыла,
Жүгірер деп сеніп бойында өнер бар күлік.
Жүйрікке міну – жігіттік ата салтында,
Жабулап күндіз, суытып қоңыр салқында,
Жаратушы едік қасқабас сонау қос атты,
Жал-құйрықтарын малынтып кешкі алтынға.
Артында талай асу да асу жар қалып,
Тілеуін тілеп тұрғанда қос қыз зарланып,
Құла қасқа атың құйқылжып жалғыз келгенде,
Қуанғаннан құнан өгізін де алмадық.
Ат жетер жерден аңқылдап топтар келгенде,
Аттарын байлап мама ағаш, тасқа, белдеуге,
Құтты болсын деп қол қысты келіп, біздерді,
Миықтан күліп, мысқылдап жүрген ерлер де.
Құйрығын майла дегендер үйге күнде кеп,
Түнімен темір пеш отындай да гүрлеп ек.
Желекті жермен жирен жұлдызша заулайтын,
Жирен қасқаның абыройы да бір бөлек.
Қос күлік тері үгілмей түнде таң асса,
Ән қосушы едік әкеден қалған ағашқа.
Сар тісті шалдар сусар бөркін шалқайтса,
Саумал ішкендей жұтынды қатын-қалаш та.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇