Өлеңдер ✍️
САРНОҚАЙҒА СӘЛЕМДЕМЕ
I
Ауа, суы...боялған бәрі көкке.
Бәрі шаһқар дегенім дәлірек пе?!
Менің атам жайлаған суреттердің,
Абыройы аспаннан әріректе.
Шыңдарында шынар да, қыран да көп,
Жер жүзінде көркі бар тұрар бөлек.
Аристотель: «Адам да, табиғат та, –
айтып кеткен, – көркем бір шығарма», – деп.
Көбейсе егер көңілді күні алдағы,
Ерке жүрек жыршының бір арманы –
Бұзбай, жармай көрсету дүниеге,
Қой, жылқылы көгілдір шығарманы.
II
Бебеулеген кеудемде күйіме сен.
Жүрмін сені сыртыңнан сүйіп есен.
Жұрт жаңартып, бұл жақта екі-үш айда,
Жақсы қойшы секілді жиі көшем.
«Көш-көлікті, тәуба, – деп, – мұнысына», –
Жүк артатын көк таудың күні шыға
Қойшылардың, қалатын сары жұртта,
Сайман, қамшы, су жақта ыдысы да.
Бағым күнде жаңаша жанды дедім.
Жаным көшіп, тағы бір алды демін.
Бір жұртымда жоғалып серілігім,
Бір жұртымда өрлігім қалды менің.
Құмы қалып, соңында тауы қалып,
Ескі жұртқа жолыққан ауық-ауық,
Біздің ізбен көшкендер бір қуансын,
Менен қалған мұратты тауып алып.
III
Ақ тастары кем емес сұлтандардың тағынан,
Салт аттылар қаптаған сауық, тойын сағынам.
..Айдарбектің ақ жары – бабаң өнер көрсеткен
Колизейі көшпенді, көзсіз елдің бағыдан.
Тізе қосқан – жау шапса, көкпар тартса – селбескен,
Сеңгір таудай өр кеуде, сенде туып, сенде өскен
Найза ұстаған батырлар ақырып кеп сайысқан,
«Әупірімдеп!» әупілдеп, атайы ерлер белдескен.
Айдарбектің ақ жары – бетеге өніп, гүл өскен,
Биік, жарық қашанда бар шоқы, бар күнестен.
Төмен етек, шашы ұзын қыздардың да Олимпі,
Садақ тартып жігітше, балуанша күрескен.
Көк ала бас шыңдар да қарағайлы өлкеде,
Қызғаныштан қызарып, қарайтұғын өртене.
Мың сан тұлпар атағын аспандатқан ақынша,
Айдарбектің ақ жары – бәйге төбе, өр төбе.
Айтып, жырлап, суреттеп әлің жетсе бер, ақын,
Айдарбектің ақ жары – жырдай қылған болатын
Жәнәбілдің шұбарын, Далабайдың қызылын,
Тасжиренін Қойбектің, Битайдың да кер атын.
Айдарбекте кекілін алғаш рет түйгемін,
Жалғыз қара келгенде жалын сипап, сүйгемін.
Жәукен тойға жаратқан жаны мөлдір ақындар,
Жырға қосқан ай маңдай Жұматайдың жиренін.
Әлімсақтан жайлаған сері елдің бір арысы,
Қайнай берсін мәңгіге шулы қазан – жар іші.
Биіктетсін бұдан да Айдарбектің ақ жарын,
Жігіттердің намысы, жүйріктердің шабысы.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter