Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  135


Автор: Асқарбек Бектемісов

Өмір заңы

Өмір, өлім арасы бір-ақ қадам,
Білмейді оны тірлігінде бірақ та адам.
Білесің ақ жүзіңді әжім тілімдесе,
Сездіреді жылдарың жаныңнан жырақтаған.
Ақиқат қой, сөзіме несіне таласасың?!
Ақ қырауға шалыныпты сенің де қара шашың.
Ажал жетсе бір күні аузын ашып,
Жарқыным, құтылмайсың табылып арашашың.
Өмір келте – қамшының қысқа сабындай,
Өте шығар көзден ұшқан сағымдай.
Өмір, өлім заңын білу керек әркімде,
Көрмедім жан жүрген оған бағынбай.
Өзімізді өлмейтіндей сезінгенмен,
Бұл ойдан түзге қашып безінгенмен.
Мойындайсың түбі бір өмір заңын,
Жүрегің сыздап қанша езілгенмен.
Бұл өмірде білмейтін оны адам көп,
Жүрер дейсің қанша олар надан боп?!
Өмір заңын білу міндетіміз білсеңіз,
Өлмейтұғын бұл жалғанда адам жоқ.
Өмір, өлім арасы бір-ақ қадам,
Білмейді оны тірлігінде бірақ та адам.
Түсінгендер өмір заңын өкініштен,
Тірлік туын мезгілсіз құлатпаған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу