Өлеңдер ✍️

  04.06.2022
  115


Автор: Ақылбек Шаяхмет

ҚАНАТТЫ ПЕРІШТЕЛЕР

Қоршап жүрсе қанатты періштелер,
Бəлкім, жүрген жолымыз тегістелер.
Жолым болып, ұшпаққа жетсем деген
Кісі бар ма қанатты теріс көрер?!
Кім қашады Алланың бұйрығынан,
Дəметеміз ұсынар сыйлығынан.
Көгерген із болса егер нəрестеде,
Соққан дейді періште құйрығынан.
Періштені қиялмен мүсіндеген,
Мүсіншіні кісі көп түсінбеген.
Періштелер сəбиді құлап қалған
Қағып алып, жерге де түсірмеген.
Болып жатса бұл фəни күнде майдан,
Иықтағы періште шыға ма ойдан?!
Жын-шайтанды жолдас қып жүрген жоқ па
Періште емес, пенделер жолдан тайған.
Періштенің, əрине, қанаты көп,
Соғып тұрсын мезгілдің сағаты дөп,
Қанат байлап қолтыққа ұшсам дейтін,
Адамдардың, алайда, тағаты жоқ.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу