Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  93


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Өзімнің биігіме көтерілдім....

Өзімнің биігіме көтерілдім,
Жырым бар ұрпағыңа етер үлгің.
Өткіздім өлеңімді өзегімнен,
Жетсін деп жүрегіне жетелі ұлдың.
Жетесіз жете алмайды қуғанменен,
Өткізер уақытын думанменен.
Жалына жабысамын тау толқынның,
Жағадан шыққанынша судан кемем.
Айқастым тағдырменен арыстандай,
Тұра ма қазақы рух намыстанбай.
Ұлтымның ұлағатын ұлықтауға,
«Мың өліп, мың тірілдім» жан ұшқандай.
Ханға да бас имедім ар алдында,
Қиында берілмедім алаң мұңға.
Түскенде төбеттердің ортасына
Таңымнан тартып талай таландым да...
Жүрегім жыласа да жасымадым,
Көңілді өлеңменен асырадым.
«Жалғыздың үні шықпай» қалған кезде,
Қасымның қуат еттім асыл әнін.
Қаладым керілгенін керегенің,
Ауырсам жырым – дәрі, өлең – емім.
Ақынның адуынын, асаулығын,
«Бұлар да бір байқасын» деген едім.
Адамнан пәрмен-тілек сұрамадым,
Алланың әмірінен нұр аламын.
Құздың да жиегіне тақағанда,
Күлтегін қолдауымен құламадым.
Жас ұрпақ,
Мақтаны деп жорыдың ба?
Ақының өзіне шақ орынында...
Сораптап сордың ішкен сорпасынан
Жандардың тағдырлары толы мұңға.
Жас ұрпақ,
Отырғам жоқ ақылмансып,
Шығысқа, батысқа да атым мансұқ.
Күніңді, ай, жылыңды қажытатын
Тіршілік түндігімнен жатыр жаншып.
Арбайды, алдайды да арманыңды,
Тартады таразыға талғамыңды.
Кеудеңді арсыз күлкі кеулегенде,
Басасын жалпағынан жалғаныңды.
Боласын жас та, мас та бұл өмірде,
Кінәрат қалмасын тек жүрегіңде.
Тозбасын бүршіктері табаныңның,
Күліп кет дүниеден,
Күле кір де...
Шыдайсың пенделердің күйігіне,
Шырмалып тіршіліктің түйініне.
Санаңда сансырамас сенім болса,
Шығасың баяныңның биігіне!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу