Өлеңдер ✍️

  30.05.2022
  107


Автор: Абдулмахмуд Пошатаев

Жиен інім Әлібиге арнау

Балапан едің самғаған,
Үніңе мәңгі қанбағам.
Қара жер неткен қатыгез,
Уыздай жасты жалмаған.
Артыңда анаң аңырап,
Қалдық қой жылап, жамырап.
Өзіңмен қызық, думанды үй,
Қалды ғой бүгін қаңырап.
Артыңа тастап жалғанды,
Өзіңсіз жалғыз қалғанды.
Қалт етсең қағып түсетін,
Қайтерсің мына жалғанды.
Қара жер қойның түнек қой,
Жас бала жанды жүрек қой.
Аллаға қарсы іс қылмай,
Бейхабар, бейқам жүр ек қой.
Әкең де байқұс жылайды,
Көзінің жасын бұлайды.
Достары көңіл айтқанмен,
Дұшпаны іштей сынайды.
Бейітіңді сипап жан әкең,
Сен үшін өмір тар екен.
Тағдырға басын имеген,
Қатыгез ажал бар екен.
Жылына бір рет айналып,
Туылған күнің тойланып.
Сен жоқсың мына жалғанда,
Жылаймыз сені ойға алып.
Қараша айы болғанда,
Төрт жасқа жасың толғанда.
Тойлар ек, құдай қош көрмей,
Адамның жолы болған ба.
Әліби өзің болғанда,
Төрт жасқа жасың толғанда.
Еске алдық сені егіліп,
Сен жоқсың әттең жалғанда.
Қылығың сенің өзге еді,
Өлтірген сені көз бе еді.
Тіл-көзін елдің арқалап,
Құтқарып кеттің өзгені.
Қылығың сенің тәтті еді,
Қатыгез өмір қатты еді.
Сен жүріп кетті дегенде,
Сорлы ағаң жылап қап деді.
Есітпей тәтті сөзіңді,
Көре алмай қалдым өзіңді.
Егіле бердім армандап,
Болсамда қанша төзімді.
Барғанда күліп қарсы алып,
Келді деп ағам жар салып.
Жүруші ең ботам томпаңдап,
Құшақтаушы едім тамсанып.
Ащы мұң шығып жүректен,
Ап шығар күш жоқ түнектен.
Ажалдай арсыз, оңбаған,
Жас жанды мәңгі түнеткен.
Әлпештеп өткен анасы,
Далада қалды-ау баласы.
Түнекте қалған жас жүрек,
Ажалға болсын наласы.
Тағдырдың ісі, не шара,
Адам бір жүрген бейшара.
Тіршілік деген тас тисе,
Айналар екен шишаға.
Тетелес әпкең жалғыз боп,
Жалғыз түп өскен жалбыз боп.
Қалды ғой жылап соңыңда,
Назерке әпкең жалғыз боп.
Екі етпей іні сөзіңді,
Бауырым деді өзіңді.
Жылап жүр, әпкең жылап жүр,
Көруге зар боп көзіңді.
Қасірет бұлты торлаған,
Біз болдық жаным сорлаған.
Атаң да өксіп жылап жүр,
Жүрекке қайғы орнаған.
Жаратқан сені тәтті қып,
Қап едік саған жаттығып.
Ап кетті қайта өзіне,
Жаратқан келіп, аптығып.
Жан анаң сенің түс көріп,
Түсінде қызық іс көріп.
Әліби– қой деп атыңды,
Кетіпті қыдыр күш беріп.
Жасыңнан қыдыр қолдады,
Жолыңды желеп оңдады.
Жалынған әруақ тілегі,
Болмады әттең болмады.
Жас едің інім өрімдей,
Жүрсің ғой келіп көрінбей.
Құдайы жасап, бағыштап,
Тұрамыз мәңгі ерінбей.
Ертеде болсын, кеш мейлі,
Дозақтың отын кешпейді.
Әліби сенің жас бейнең,
Жүректен мәңгі өшпейді.
Әлі де қимай жылаймын,
Бейнеңді көріп, мұңайдым.
Кенеттен қылған ісіне,
Не шара дерсің құдайдың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу