Өлеңдер ✍️

  29.05.2022
  99


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Шарасыздық

Көңіл-кемем соғылды қайраңға сан,
Өзім кеттім тартылып тұңғиыққа.
Күліп-ойнап кезінде сайрандасам,
Жүрмін қазір көзіме мұң құйып та.
Жалғызсырап көбірек жабықтым-ау,
Жанарымнан ешкімге сыр ұқтырмай.
Түн дегенің қап-қара табыт мынау,
Маған қарап ішінен ұлып тұрды Ай.
Жылым жұтып күлкімді, шаттығымды,
Қалғандаймын адасып жат алапта.
Жанұшырып аңсаймын тәтті күнді,
Мәжнүнтал боп шөлдесем махаббатқа.
Үрейлендім, бойымда діріл басым,
Қолдамай ма әруақ осындайда?!
...Торғай-үміт кеудемде шырылдап тұр,
Құдайым-ау, дем берер досым қайда?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу