Өлеңдер ✍️

  28.05.2022
  104


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Сегізінші сезім

Ақын деген – Қанатсыз Періште ғой,
Сорлы жерде ұша алмай қалып қойған...
Аңқылдатып Миымды келіскен Ой,
Жарық шашты Мыңжылдық Зарық бойдан!
Тегін Өлең – Жел Сөзден Қош бұрқырап,
Тіл ұшынан аңқып тұр Төкпешілік.
Көз алдымда Ғажайып Көш құлпырад –
Көркем басы Тәңірлік Көкке сіңіп.
Жалқындана оянып Тылсым Ішкі,
Жүрегіме құйылар Жыр Жұпары.
Түн де Менің Жанымнан Күрсін ішті,
Күн де Менің Жанымнан Нұр жұтады!
Күреңіткен тірлік қой Өңдегі бұл,
Түсімде де қолдайды Хақ Тағалам.
Ақыр-соңы тіреліп Көрге Ғұмыр,
Пәрмен жетсе – тек Аспан жаққа барам...
Бағзы мұңды бейуақ қозғап-қозғап,
Бабаураған күй тартар Қобыз-Дала.
Шер тарқатып тынады боздап Боздақ,
Түзгі Жолдың тоғысы – Тоғыз ғана!
Болашақты болжаған Жас Пері – Мен,
Шын Шайырдың Қайғысын сан ұғамын.
Аузы түкті Кәуірдің Ғаскерінен –
Кетпесе екен шайқалып Шаңырағым!
Жарқыратып Бақ қонған Маңдайымды,
Кәлиманы қайыра күбір еттім:
Кеш зайырлы болсын деп, Таң – қайырлы,
Шапағатын тіледім Құдіреттің.
Рухымда Жебенің Таңбасы бар,
Оны басқан – Жұмақтың Елшілері.
Ешкім емес – Жаратқан Жарға сыңар,
Ақ Сарбаз-ау, тезірек келші бері!..
...Маған ЕС керек!!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу