Өлеңдер ✍️

  27.05.2022
  100


Автор: Сәндiбек Жұбаниязов

Ар тергеуі

Кімге қажет құр ғана сезінгенім,
Дұрыс болар толқымай,
көз ілгенім.
Өлең жазар алдында бейуақытта,
Отырып алып тергеймін
өзімді-өзім:
Таң қалмағын заманға,
таз қалыпқа,
Қыран ұшар қиядан қаз жолықса.
Төле бидің орнына,
Күлтөбеде
Төбет үріп жатқан кез
аз болып па?
Қысыр сөзді қысқартып –
қыңсылатпай,
Жаға білші жүрекке
жыр шырақты-ай!
Жаңарғандай сезінсін жан әлемі,
Қабарғандар таңдары
мұңсыз атпай.
Тұяғымен
от тастар шөмелеге –
Тұлпарлықты
тұтпас па ел өнеге.
Қанішердің қолынан
жазықсызды
Құтқаруға шаппайсың
неменеге?!
Басын соққан тағдырдың
тау-тасына,
Шапағатың болды ма
жолдасыңа?
Қанша жанның наласын арқаладың,
Қандай пайда тигіздің қаншасына?
Қауырсыны қатқанша талапты ердің,
Қаншама рет қолтықтап –
қанат бердің?..
Қуыстанар қылығың жоқ болса егер,
Ар алдында “Ақпын” деп, –
жауап бергін!
Қиянаты жоқтығын
сезіп кеш тым,
Кінәсізге қанша рет ежіктепсің?
Жауап бергін, қанеки!
Бере алмасаң –
Көзге күйік көрінбей,
безіп кеткін!
Күйреген жоқ
рухы сахараның,
Сиреген жоқ
Адалдар қатары әлі.
Дақ түсірмей ұстаған
Арың ғана
Адастырмай
Арманға апарады.
Ақбас шыңның басынан
алаулатып,
Арман таңы атқанда –
(Қарау бақыт!)
Ғайып болар көзден де,
көңілден де
Сергелдеңге түсірген
санаулы уақыт.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу