Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  281


Автор: Серік Сейітман

Кемпірлермен билегенді ұнатам

Арамызға дәнекер боп сыра, «ахаң»,
Солғын үрпін сорғызбай-ақ бір апам,
Тамағына терден иіссу сепкен
Кемпірлермен билегенді ұнатам.
Ұнатамын шақырғанды вальске,
Кисе кисін кебістен-ақ «тәбішке».
Себебі олар ұстатқан жоқ белдерін
Қазіргідей орыс, қытай, кәріске...
Себебі олар жаушылықта мерген боп,
Сан жығылып, қайта тұрды жерден көп.
Абиырын,
Сан тоңқалаң асса да,
Күйеуінен басқа ешкім көрген жоқ.
Басқа ешкімге сұқтанбады олар да,
Қосылса да «күйген қара томарға».
Бүгінгідей бауыр еті – баласын
Тастап кетіп,
Қалған да жоқ обалға.
Тітіркеніп заманауи жайттан көп,
Іздеу салам ғаламтордан, сайттан кеп.
Үйленсем бе қайтып келген кемпірге,
Бірақ оның бірі байдан қайтқан жоқ.
Нәсіп еткен көжесінің сұйығын,
Қарашы бұл заманымның қиынын.
Алсам ба екен қосағы өлген кемпірді,
Бірақ олар шырағы ғой үйінің.
Сәнге киіп сексен орам сәлдені,
Мына заман ойландырды-ау әрнені.
Бар үмітім сенде боп тұр, анашым,
Тұрмыс құрмай қалған құрбың бар ма еді?!
Толқуында әсем-ғажап ән-күйдің
Әжелермен вальс билеп әл жидым.
Билеймін де ертегісін тыңдаймын,
Тыңдаймын да құшағында қалғимын.
Кемпірлермен билегенді ұнатам!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу