Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  87


Автор: Нұрлан МƏУКЕН

Таңда бар да, кеште жоқ...

Таңда бар да, кеште жоқ,
Ажал бары есте жоқ –
Өзiң үрлеп тұтатқан
Өшпептi əлi пештегi от…
Жанып кеттi жас ғұмыр,
Қызыл көзiн ашты iңiр.
Байғыз қонған қорымда
Тұнжырайды тас тұғыр…
Сен кеткенге сене алмай,
Жазмышқа көне алмай,
Қамырыққан көңiлдi
Қайтсем екен, ой, Алла-ай…
Тəттi өмiрге тоя алмай,
Қызыл қанға боялмай,
Шын шошынған жүректi
Кiм басады, ой, Алла-ай…
Кеше бар-ды, бүгiн жоқ,
Ажал тұр ғой мығым боп.
Сен кетiпсiң қапыда
Құлқынына тығын боп…
Қыршын кеттiң, балғын жас
Қас шерiге алдырмас.
Қара жапқан бұ қайғың
Қалай естен тандырмас…
Бiлтелi шам жалпылдақ,
Жаққан анаң қалтылдақ.
«Жылатпаймын» деушi едiң,
Жақсы мiнез жарқылдап…
Тағы ерiксiз жылады,
Таусыла ма бұлағы?…
Тағдырының гөй-гөйiн
Естiмейдi құлағы…
Көрмегенi көп едi,
өлмегенiң сеп едi.
Сен жылатып кеткелi
Бойда қаны кебедi…
Кеше жүрген дос едi,
Кеше тiккен қос едi.
Бiздiң бастан өткен бұлт
Ендi қайда көшедi?…
Əлi сенбей келемiн…
Сен де сенбе, өлеңiм.
Ғарыш жаққа кетсе екен!
Жанған жұлдыз көремiн…
Сөз қозғалып… ел қалды,
Бiр қозғалып… жер қалды.
Бауыр жатыр езiлiп –
Бойын басқан шер қалды.
Ұғына алмай ұл қалды,
Жесiр көңiл тұл қалды.
Жанұяның жылуы
Жанын таппай құр қалды…
Жетiм көңiл қыз қалды,
Жамбасында сыз қалды.
Жарым көңiл жақсы үйден
Татпаған дəм-тұз қалды…
…Бiле алмадым ертеңдi,
Желмен ығар желкендi –
Қызық өмiр көзiнде
Қызыл iңiр өртендi…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу