Өлеңдер ✍️
Махаббат тілі
Сұлусың сұлулығың тілім байлап,
Отырмын жүрегіңнің түбін бойлап.
Өкіндім өзгелердей «күйіп-жанып»,
Бір тілім хат жазбаған күнімді ойлап.
Кетті ғой ол күндерде есем, тіптен...
Сенің үйленгеніңді шешең бүккен.
Қаптаған селдей сезім көңілде қап,
Қазір де аспай жүрміз «есендіктен».
Осылай ғашықтықтың уын да ішем,
Бұзылып біткен жоқ-ау бұрынғы сең.
Түсердей таясам-ақ шоқтай қарып,
Сол отты суытпапты құлын мүшең!
Сен болсаң тұрмыста едің...
Тербеген толқын сезім тұңғыш мені.
Қайтейін, қарасудай тұндым, ақыры...
Шығара алмай құпия сырды іштегі.
Келем бе болмысымды бекер бояп,
(Көрінеу қалай басам қатерге аяқ!)
Сездіріп алсам егер қапияда,
Сезімім сезім болмай кетердей-ақ!
Махаббат саған деген... кеш оянды,
Білмеуі керек оны еш адамның.
Ол менің жүрегімде сақталады,
Әйтпесе, әйтпесе оның несі аяулы!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇