Өлеңдер ✍️

  15.05.2022
  132


Автор: Аманхан Əлімұлы

Кеш

Қай тұсқа қу тірліктің тартты-ай көші,
Құдайдың батты, əне, нарттай кеші...
Көміліп көк түтінге апам отыр,
Суланған көн тезекті тартпай пеші.
Күз қаққан қырдың қалып құр сілемі,
Табылмай қам көңілдің тұрсын емі.
Күйсеген былтырғыдан қалған шөпті,
Көңілсіз қасқа сиыр күрсінеді.
Шаң-паңнан шайған сылбыр жауын бақты,
Бастығып аңтарылған қауым қапты.
Қорада жатқан қайық қаңсып қалған,
Келтірді көз алдыма қауынқақты.
Реті келген кезде сөз қыламын,
Апамның жеген жанбай көз-құлағын, –
Лып етіп ұшқын шалған көн тезектен,
Шырт-шырттап шоқ ұшқындай қозды жалын.
Түссе де сынықтай бір сызат күнге,
Қызығын қыз ғұмырдың ұзаттым не...
Тіршілік қоздап тұрса темір пеште,
Үгіле қоймас көңіл ұзақ түнде.
Санаған қылтанақты тізіп қылға,
Толқындай жаға жеген жүзіп мұңға, –
Түн қашты таң сібірлеп атар кезде,
Ей, жүрек, үмітіңді үзіп тынба.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу